«Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысында Ұлы Жеңістің 73 жылдығына орай тұңғыш рет ашық аспан астында белгілі фотограф Мақсат Шағырбаевтың  «Ұлы Жеңіс — ұрпаққа аманат» атты фотокөрмесі өтті», — деп хабарлайды Adym.kz ақпарат агенттігі.
Фотокөрменің ерекшелігі ондағы көркем картиналардың барлығы Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен Тыл еңбеккерлеріне арналған. Фото суреттерде қанды соғыс, қасап майданнан аман жеткен ардагер жауынгерлердің боямасыз бейнесі көрсетілген.
Мақсат ШАҒЫРБАЕВ, фотограф:
— Мамыр — ерлікке, ұлы жауынгерлік руxқа құрметтің айы. Бұл айда көзі тірі Ұлы Отан соғысы ардагерлері шейіт кеткен қандыбалақ серіктерін қасіретпен еске алады. Сондықтан болар, жыл сайын осы мезгілде қатары сиреп бара жатқан ардагерлерді фотообъективке ілуге тырысамын. Таңнан кешке дейін ардагерлердің әр іс-қимылын бағумен боламын. Тіпті, бір ардагер ақсақалды 9 мамыр сайын үздіксіз суретке түсіріп келе жатқаныма 5 жылдай уақыт болды.
«Қариялар азайып бара жатыр», демекші, ардагерлер де уақыт көшімен ортамыздан алыстап барады. Бірақ, тарих парақтарында өскелең ұрпаққа қалатыны Ұлы Жеңістің аңызы мен қарт майдангерлердің фото суреттері ғана. Фотокөрмені  ұйымдастыру осыдан 3 жыл бұрын ойға келген. Сәті енді түсіп отыр. Көрмені тамашалаған жұрттың ықыласы өзгеше. Ардагерлердің ұрпақтары топ ішінен іздеп  келіп алғысын білдіріп маңдайымнан сүйіп жатыр. «Міне, бізге қалатыны осы фото шежірелер», дейді олар. игілікті істі ұйымдастыруымның басты себебі де осы тарихи дүниелерді жас ұрпақтың назарына ұсыну.
Шымкенттегі Абай саябағында ұйымдастырылған фотокөрмеге 50 ге жуық фото туынды қойылған.
Төменде, фотографтың 4-5 жылдық фото архивінен іріктелген суреттерді назарларыңызға ұсынамыз.  Мақсат
 Арнайы Adym.kz үшін Нұршат ТӨКЕН