САҒЫНТАЕВ САРЫАҒАШТАҒЫ ПОЛИЭТИЛЕНДІ ЖАБЫН ӨНДІРУ ЦЕХІ ЖӘНЕ ЖЫЛЫЖАЙ КЕШЕНІН АРАЛАДЫ

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың Оңтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары Сарыағаш ауданының аграрлық кәсіпорындарын: «КелесПласт» ЖШС полиэтиленді жабын өндіру цехы мен «Жабай ата» ЖШС жылыжай кешенін аралаудан басталды", деп хабарлайды Adym.kz ақпарат агенттігі primeminister.kz ресми сайтына сілтеме жасап.

2692

Мемлекет басшысы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында бес жыл ішінде агроөнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігін және өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын кем дегенде 2,5 есеге арттыруды тапсырды.
Қазіргі таңда еліміздегі барлық жылыжайлардың 80% Оңтүстік Қазақстан облысына тиесілі. 2017 жылы өңірде 201,7 га жаңа жылыжай пайдалануға берілді, оның ішінде Сарыағаш ауданында — 72 га. Бұған қоса, биыл жалпы ауданы 214 га болатын жаңа жылыжай кешендерін пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Сарыағаш ауданындағы кәсіпорындарды тексеру барысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевқа Президенттің тапсырмаларын орындау аясында қабылданған шаралар туралы баяндалды.
«КелесПласт» ЖШС директоры Н. Омаров өндіріс процесімен таныстырып, өнімдер сұрыпталымын — соңғы шыққан өңдеу технологияларының көмегімен пайдаланылған материалдардан жасалған жіптер мен полиэтиленді жабындарды көрсетті. Оның айтуынша, шикізат шаруашылық субъектілерінен сатып алынады, ал дайын өнімдер ауыл шаруашылығының әр түрлі салаларында қолданылады және ішкі нарық қажеттіліктерінің 100% қамтиды. Бұдан өзге, қалдықтар мен полиэтиленді қайта өңдеу ауданның экологиясына оң әсер етеді.
Анықтама: «КелесПласт» ЖШС цехы 2018 жылдың ақпан айында іске қосылды. Негізгі қызмет түрлері: жылыжай шаруашылықтары үшін полиэтиленді жабындарды өңдеу мен өндіру, жылыжайларға арналған металл қысқыштар мен көшет материалына арналған пластикалық стақан шығару, полиэтиленді тоқыма кендіржібін өндіру.
«Жабай ата» жылыжай шаруашылығына барған кезде Бақытжан Сағынтаевқа тамшылатып суару технологиялары таныстырылды, олар еліміздің солтүстік аймақтарын жыл бойы экологиялық таза көкөніс өнімдерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Шаруа қожалығының төрағасы Ергеш Төребековтың айтуынша, заманауи технологияларды пайдалану жабық жер жағдайында жыл сайын 3300 тонна элиталық сұрыпты қызанақтар мен қиярлар шығаруға мүмкіндік береді. Өнімнің 60% ішкі нарықта сатылады, ал қалғаны — экспортқа жіберіледі.