Өмір Шыныбекұлы: Мектеп қоғамның кішкентай моделі. Маған өзіміздің облыс, қала ғана емес, еліміздің түкпір-түкпірінен хабарласып жатады. Ол хаттардың көпшілігі айналасынан әділдік таппай, шырылдаған мұғалімдердің жан-айқайы. Оларға мүмкіндігінше көмектесуге тырысамын. Басшыларына звондаймын, журналистерге беремін. Келісімін берсе, кейде желіге жариялаймын…
Арасында менің қолыммен от көсегісі келетін арандатушылар да кездесіп қалады. Тіпті өзі берген материалды ешбір газет баспайтынын біле тұра, қомақты ақша ұсынғандар болды. Ондайлардың көздегені əлеуметтік желіге жарияланса, ары қарай бір мəнісі болар деген есекдəме болса керек (Ақша туралы əңгіме шыға қалса болды, менің онымен сөзім аяқталады. Ондай адамдарға қоштасарда қолымды да бермеймін)… Сөзімді «Мектеп қоғам моделі» деп бастағаным сондықтан.
Көпке топырақ шашпайын
Дегенмен, Кеңес заманынан қалған «Я начальник, ты дурак» деген авторитаризмнен білім саласы да құралақан емес. «Запперме деген атын айтсайшы» дегендей мектепте шен үшін жүрген директорлар да баршылық. «Бір қарын майды бір құмалақ шірітетіні» секілді, өз ісіне салғырт қарайтын, білімсіз-біліксіз мұғалімдер де жетіп артылады. Ара-тұра, парақор мұғалімдер де кездесіп қалады. Болсын-болмасын, басшылардың үстінен жоғарыға арызды сүйкей салатын арызқой мұғалімдер де баршылық. Ата-аналардың да арасында «əртістер» жетерлік. Көпшілік ата-аналардың мектеп жасындағы баласына тәрбие беру шеңбері
«Ішкіздім, жегіздім, киіндірдім.
Қалғаны мектептің шаруасы!», деген түсініктің шеңберіне қарай тарылып бара жатқанын өздеріңіз көріп жүрсіздер. Қос-қабатты үйі, астында қымбат көлігі бола тұра кейбір ата-ана мемлекетке міндет етіп, баласына оқулық əпермейтінін де көрдік. Түн жарымда 16-17 жасар қызын іздеп мұғалімдерге сес көрсететін əке-шешелер де бар.
Ауыл мектептеріндегі жағдай тіптен мүшкіл
Көпшілік ауылдардағы тұрақты жалақысы бар жалғыз жұмыс орны мектеп екенін білесіздер. Сондықтан, əрбір отбасы өзінің кем дегенде бір азаматын амалын тауып мектепке орналастыруға тырысады.
«Амалын табу» дегеннің бəрі пара беру емес. Кейде мектеп басшыларына тікелей қоқан-лоққы жасайтын «ақсақалдар» да баршылық. Кейбір ауылдарда кездесіп қалатын ру-əулет аралық астыртын тартыстың салқыны мектепке де тиіп жатады.
Ақпан айының соңында ардагерлер мен имамдарды жинап облыс әкімдігі өткізген жиынның соңында ақсақалдар мен имамдарға
— «Бірауық ауылыңыздағы мектепке назар салыңыздаршы.
Мектебіңізді кім басқарып жатыр?
Балаларыңызды кім оқытып жатыр?
Ауылыңыздың қариялары қандай?», деп базына айту себебіміз де сондықтан..
Міне, жоғарыда айтылған жағдайдың бəрі мектептегі моральдық-психологиялық ахуалға əсер етіп, кейде болмашы дау сотқа дейін жетеді.
Мысалы, 3 айдан бері еліміздің бір мектебінің мұғалімдері өзара соттасып жатыр. Сол мектептегі мұғалімнің бірі сол мектепте оқитын қызымның ар-намысына тиді, деп директордың тәрбие ісі бойынша орынбасарын жұмыстан кетуге мəжбүрлепті. Онысымен тоқтамай əлгі орынбасарды қолдаған бірнеше мұғалімнің соңына шам алып түсіпті. Мектептегі осы «микроклимат» оқу-тәрбие жұмысына қалай əсер етеді? Ұжымдағы әріптестердің өзара соттасуы таңсық болмай қалды.
Дау өршіп кеткен мектептерде тергеу орындары оқушыларды куәлікке тартуға мəжбүр болады. Сарыағаштағы жағдайда солай болары анық. (Осы ауданның білім саласын тексеру үшін Облыстық Білім Басқармасы комиссия құрыпты, деп естідік. Комиссия құрыла береді. Мəселе сол комиссияға кімдердің кіргенінде). Кез-келген дау ертелі-кеш бір бітетіні ақиқат. Бірақ, соған куə болған оқушылардың жүрегінде қандай із қалдырары белгісіз…
Естеріңізге салар болсақ, осыдан ілгері Сарыағаш ауданына қарасты Абай ауылындағы білім ұяларының бірінде жеті жасар бала «зорланды» делінген болатын.