Көрменің ашылуында өңір басшысы Ж.Түймебаев Оңтүстік Қазақстан облысында құрылыс индустриясы белсенді түрде дамып, тұрғын үй салу қарқын алып келе жатқандығын жеткізді. Әрі, “ShymkentBuild-2018” көрмесі өңірдегі құрылыс индустриясының дамуына серпін беретінін айтты.
Өңірдің 2016-2020 жылдарға арналған даму бағдарламасы аясында 4,8 млн шаршы метр тұрғын үй салу жоспарлануда. Бүгінгі таңда, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 2021 жылға дейін 1 млн. шаршы метр тұрғын үйді ел игілігіне беру үрдісі қалыптасты. Бұдан бөлек, Шымкент қаласын Қазақстанның үшінші мегаполисі етіп дамыту мақсатында   “Shymkent City” жобасы жүзеге асырылуда.
үш күнге жалғасатын “ShymkentBuild-2018” көрмесі аясында “Құрылыс саласына жаңа технологияларды енгізу” тақырыбында конференция ұйымдастырылады деп күтілуде. Онда көрме қатысушылары құрылыс секторындағы ең өзекті мәселелерді өзара талқыға салатын болады.