Adym.kz: 8 наурыз. Шымқаланың кешінде гүл «арқалаған» ер азаматтарды көптеп кездестірдік. А.Асқаровтың көшесі гүлге оранған. “Акация” сауда орталығының бойында гүл сатушылар ұзыннан ұзақ қызылды-жасылды гүл белдеуін қалыптасырыпты.                                                Гүл сатушыдан гүл алушылардың қатары қалың. Мерекелік көңіл күй дәл осы 200 метрге жетпейтін қашықтықта салтанат құрып жатқандай.
Қосағын сүйеп бара жатқан қарт әже мен ата, жеңгейді қуантпақ болған аға, сүйіктісіне сезімін білдіргісі келген бозбала да бәрі-бәрі осында жүр.
-Жаным, гүл сыйламадың ғой?
-Мен үшін сен өзің гүлсің.                                                                                             
Осынау гүлді дәлізден өтіп бара жатқан толықша қыздың «талабына» тапқырлық танытқан жігіттің жауабы еріксіз езу тарттырды.
Көктемнің алғашқы айында келген мерекені сатушылар «табыс табудың ең оңтайлы сәті» деп ағынан жарылды. Гүл сатушылар жыл бойғы табысының қомақты бөлігін дәл осы мерекеде түсіреді екен.                                                                                          
400 теңгеден бастап, 10000 теңгеге дейін бағаланатын гүлдердің мұнда сан мыңын кездестіресіз. Мерекеде саудасы қызатын гүлдер қандай әдемі болса, аруларымыз одан да көрікті көрінді.                                                                                                         
Дәл қазір Шымкенттегі гүл сататын сауда қатарларында адам аяқ алып жүре алмайды. Дала гүлдерінің түр-түрі самсап тұр. Ал, сатып алушылардың дені — еркектер. Әсем гүлдердің бағасы да осы бір-екі күнде аспандап-ақ тұр. Әрине, үйдегі нәзік жандылардың көңілінен шығу үшін тұтынушының қалтасы қағылары анық. Алайда, анасына, жарына, әріптесіне, қаракөз қарындас-әпкесіне мерекелік көңіл-күй сыйлаудан аянар емес.. Әйтеуір бұл маңда кілең мәрт ер азаматтар сауданың көрігін қыздыруда…       
Әрине, қыстың соңы мен көктемнің алғашқы айларында елімізде гүл саудасы қызатын шақ. Жаңа жылдан кейінгі ерекше мереке-мейрамдар осы айда басталады. Көктемнің алғашқы күні – Алғыс айту, 8 наурыз – халықаралық аналар мен қыздар мерекесі, 22 наурыз – қазақша жыл басы — Наурыз мейрамы. Осы мерекелерге орай елімізде гүл импорты жылдың басқа мезгілдерімен салыстырғанда “қызыл сызықтан” асып түсіп жатады.                    
Гүл саудасы нарығында отандық гүлдердің үлесі 30 пайыз, шетелдік гүлдердің үлесі – 70 пайыз. Статистикалық мәлеметтерге сүйенсек, Қазақстанға жыл сайын 154 миллион доллардың гүлі жеткізіледі екен.                                                                                   
Қызғалдақ – көктемді әрі көктемгі көңіл-күйді білдіретін нәзік әрі әдемі гүл. Сатушы апай мерекедегі ең өтімді өнім — Қызғалдақтардың Эквадордан, Ресейден келетіндігін айтады. Мұндай қызғалдақтар бізде жоқ емес. Бірақ, тамырынан үзілген гүлдер ұзаққа сақтала бермейді екен.                                                                           
Айта кетерлігі, еліміздегі гүл өсірумен айналысатын орталықтар Қарағанды, Алматы, Шымкент қалалары. Алайда ондағы отандық өнімдер сұранысты толық қанағаттандыра алмайтындықтан әлі де шетелдік өнімге тәуелділік басым екен.                                             
Гүл орталықтарына мекемелерден түсіп жатқан тапсырыстар өте көп. Әріптестерін мерекемен құттықтауға асыққан ер азаматтар тіпті арнайы безендіру жұмыстарына да ақы төлейтін көрінеді.                                                                                                 
Түнгі сағат 12:00 ден асса да мұнда сауда қайнап-ақ жатыр. “гүл алыңыз”, “жақындарыңызға сыйлық жасаңыздар” — деген үн қалғып бара жатқан қала көшелерін ұйқысынан оятып алғандай…
Құшақ-құшақ гүлдер жеңіл көліктердің жүйткуімен өз мекен-жайларына асығып барады.
Жасы Егделеу бір ағамыз сатушыға әзілдеп қояды.
-Әйелім қатты қорылдайды. Соған гүл сыйлайын”, — деп…
Еңбектен қолы босай бермейтін шымкенттіктер бұл күн фотообъективке шынымен романтик болып көрінді. Ендеше, романтиктердің бір күндік өміріне назар аударыңыздар…

Автор: Нұршат ТӨКЕН
Фото: Мақсат ШАҒЫРБАЕВ