2 наурыз облыстық «Отырар» ғылыми-әмбебап кітапханасында жас ақын, республикалық, облыстық жыр додаларының жеңімпазы Дәурен Айманбетовтың «Өлең өнерінің өз өрені» атты шығармашылық кеші өтті. Әдеби жиында ақынның «Аяулы адам» атты жаңа кітабының тұсауы шешілді.
Тұсаукесер рәсімін белгілі ақын, «Қазығұрт» баспасының директоры Темірғали Көпбаев жүргізіп отырды. Әдебиет әлеміндегі аға буын жас ақынның шығармашылығына табыс тіледі.
Ендеше, назарларыңызға «Аяулы адамдардың» адресін іздеген шайырдың жаңа жыр жинағына енген екі өлеңін ұсынып отырмыз.
“АЯУЛЫ АДАМ”
Селкеу түссе сенімге бір,
Күй кешеді көңіл небір.
«Адамдардың бәрі – аяулы,
Надандарсыз», – дедің бе өмір?
Дедің бе өмір, құрамы тек,
Мейірімнен тұрады деп?
Аяулы адам – гүл секілді,
Кім көрінген жұлады кеп.
Жігеріңді оят көркем,
Тағдыр кімді аяпты, еркем?
Ақ қар-дағы, заңдылық қой,
Тапталары аяққа ертең.
Жаның күйіп жатса алаңдар,
Бой көрсетпес бәтшағарлар.
Қайғы көрсең, ортақтасар,
Кеміп жатыр жақсы адамдар?
Өкпелеймін бекер, дәйім,
Ұғар кім бар бөтен жайын?
Жақсы адамдар болып жатса,
Беріңдерші мекен-жайын,
Адамдар!
“САРЫ ЖАПЫРАҚ»
Сары жапырақ – сарғайған жүрек,
Келгендей ұшып шалғайдан жүдеп.
Тентек жел оның тағдыры шығар,
Араша сұрап талды айналды кеп.
Сары жапырақ – тал мұңы бәлкім,
Неге онда жерде қалды бұл алтын?
Көнбеске бар ма шарасы шіркін,
(Таңдап алмаған тағдырын әркім.)
Сары жапырақ, кәрі жапырақ,
Қартайды күз кеп тағы да атырап.
Бір кезде балғын жүрек-ед жасыл,
Жатқандай бүгін зарыға құлап.
Сары жапырақ – өрнегі зерлі,
Айналды-ау тентек ермегі желдің.
Қыс келіп ертең қар асты оны,
Шірітер ащы кермегі жердің.
Сары жапырақ – дір етер қыз мұң,
Мен-дағы сондай суреті-ем күздің.
Алай да дүлей шыр айналдырған,
Тағдырымыз да бір екен біздің.