Мәселен, 1966-1976 жылдардағы «10 жылдық мәдени төңкерiс» кезiнде, «феодализмнiң қалдығы» саналды. Алайда, көнекөз қарттар ауыздан-ауызға таралып келе жатқан «рецепттi» әркез естен шығармаған екен. Ауылдан ұзап, жоғары оқу орнында оқи алмаған сол буын, тау-тас кезiп, шөптiң тамыры мен сабағын жиып, дәрi жасаса, бастапқыда төрт түлiктiң мертiккен мүшесiн салып жүрiп, кейiннен атақты оташыға айналып шыға келдi. Қытайдағы қандастар ауылда қалған осы абзал жандарды әзiлдеп, «Жалаңаяқ емшiлер» деп атап кеткен. Атадан қалған аманатқа қиянат етпеудi арына балаған Iле қазақ автономиялы облысы Нылқы ауданына қарасты Үшпұт ауылындағы «жалаңаяқ емшi» Алтай қарттың (дипломсыз қызмет еткен дәрiгер) әңгiмесi бiздi дәстүрлi шипагерлiктiң сан қырлы соқпағына жетелей жөнелдi.
                                           «Жаман ауруды» да емдегенмiн
– «Жаман ауруды» да төсектен жұлып тұрғызғанмын. Ол жылдар Қытай медицинасының да тұралап тұрған тұсы едi. Ауылымызда Есентай деген азамат болған. Жастайынан мал соңында, желдiң өтiнде жүрген атан жiгiттi өкпеге мысқалдап кiрген суық бiр-ақ күнде алып ұрды. Не керек, бiр үйлi жанның ырыздығын айырып отырған азамат қалаға барар қаржының ретi келмей, төсек тартып айға жуық жатты. Кейiннен ағайын-бауырдың атаған тайынша-торпағын сатып, қалаға емделуге кеткен азаматымыз аптаға жетпей қайтып оралды. Жұбайы шырылдап жүр. Қалалық емхана «өкпе рагi» деп диагноз шығарып, ем қонбайтындығын ескертiптi.
«Ер арыса – аруақ, ат арыса – тулақ» демекшi, Есентай жүдеп бара жатты. Көршi-қолаң көңiлiн сұрап үйiне бардық. Шиеттей балаларына қарап, iш удай ашып, көңiл құрғыр босап сала бердi. Әңгiме арасында үлкендер «қазақша ем қабылда» деген кеңес айтып қалды. Үйге келген соң, әкемнен қалған қазақ емшiлiгiне үңiлдiм. Ауыл арасында жеңiл-желпi, жел-құз, құяң, тұмауды емдегенiм болмаса, күрделi ауру қарап көрмеген басым шарадай болды. Нартәуекел деп ертеңiне-ақ көршi жiгiттi емдеуге кiрiстiм. Рецепт бойынша, төсенiшке кептiрiлген ермен төсетiп, ащы тер басқан денесiн тасты тауда өсетiн ақжүректiң (Бай Му дәрi шөбi) суымен 2 тәулiкте бiр реттен жылылап жуғыздым. Түнде ұйықтар алдын қара күзде қақпан қапқан борсықтың iшмайын шыжғырып, вазелин араластырып, өкпе тұсы, майтабан мен жауырынға жағып, қозға көмген үйеңкi ағашымен сыртынан ыстық өткiздiм. Дағдылы машықтың күшiмен 2 аптада тамаққа тәбетi ашылды. Әу баста, борсықтың сүрi етiнен аздап қайнатып, сорпасын iшкiздiк. Үш күн дегенде аузынан өкпеге жиналған сары су төгiлдi. Сонан кейiн борсық етiнiң ыстығы бауырға шауып кетпесiн деп, сары қурайдың түбiн қайнатып бердiк. Айға жалғасқан ем нәтижесiн бердi. Азаматымыз орнынан тұрып, түзге шыға бастады. Құдайдың құдiретiмен әкемнен қалған бұл рецепт осылай кәдеге жарады. Кейiннен Есентай еңбегiмнiң қарымжысына өзiнiң көкпарға шапқан көкбурылын сыйлады. Мiне, қазақ шипагерлiгiнiң құдiретi. Онан кейiн де талай науқасты емдедiм. Бiрнеше рет аудан-қаладан медицина мамандары келiп, қызмет ұсынды. Бас тарттым. Қойымды құрттатып, айранымды ұрттатып, қарындастың қасында тұрғанды жөн таптым.
Жасым жетпiстiң желкесiне жетсе де, үзеңгi мен тiзгiннен айрылған емеспiн. Пайғамбар жасынан өткен саналы ғұмырда байқағаным, ұрпақтың генотипi ұсақталып, кеселге деген қарсылық қуаты әлсiреп бара жатқандай сезiледi. Ә десе болды, Қытайдың ақ-көк дәрiсiн тұтынады да жатады. Ешқашан химиялық дәрi iшкен емеспiн. Он екi мүшем дiн аман. Төрт түлiктiң ағарғаны мен бәйбiшемнiң күрең шәйi барда Хақ тағала бұйырған жасқа жетермiн (күлдi).
Ақсақалмен әңгiменiң қызығына түсiп, қырға шыққанымды да байқамай қалыппын. Қалтасындағы аршаның жаңқасын ұсынды. Ет жегенiм есiме түсiп, ыңғайсыздана тiсiмдi тазалай бастадым. Ғажабы, атаның тiстерi маржандай. Себебiн сұрадым. Аршамен тазалап, тұзды сумен шайып, тамақтанған соң қарағайдың шайырын шайнайды екен. Осылайша қазақтың емшi Хо Жунымен әңгiменiң аяғы тепсеңде үзiлдi. «Шырағым, есiңде болсын, дәрiге құмар болма», — дедi де көкбурылдың айылын төстеп тартып, керiде жусап жатқан қоралы қойдың басын қайтармаққа тауға беттедi. Аттың желiсiмен, кеудесiн тiк ұстаған Алтай қарттың бейнесi биiктеп бара жатты.
                                            Алтын кездiк қын түбiнде жатпайды
Иә, Алтай қарт секiлдi қаншама қазақ шипагерлiгiмен шұғылданатын шипагерлердiң, тәуiптердiң, оташылардың ел арасынан барған сайын сиреуi және олардың еңбектерiнiң ескерiлмеуi ұлттық шипагерлiктiң «шипасын» бiтiруге шақ қалғаны жасырын емес. Осыны ескерген Iле Қазақ автономиялы облысына қарасты Алтай аймағының экс уәлиi Қадыс Жанәбiлұлы қазақ шипагерлiгiн заманауи емдеу-денсаулық сақтау iстерiмен ұштастыру мақсатында 1985 жылы Алтай аймағынан тұңғыш рет «Алтай аймақтық қазақ шипаханасын» құрып, қазақ шипагерлiгiнiң ғылыми тұрғыдан жұмыс жүргiзуiне тың жол ашыпты. Әрi қазақы емшiлiкпен емдеудiң бұлау, оташылық, бөбектердi маймен сылау, денсаулық қорғау әдiсi секiлдi бес түрлi әдiсi кең қолданылады. Қажырлы еңбектiң нәтижесiнде «Нарықталғы», «Iшкi айықтырғы», «Қаптек сырқатнама» қатарлы 9 бөлiмдi оқулық құрастырылып, Қазақ емшiлiгi жоғары оқу орындарында оқытыла бастады.
1992 жылы облыс басшысы Тiлебалды Әбдiрешитұлының бастамасымен тау-тастағы қазақ шипагерлерiнiң басын қосып, «Iле қазақ автономиялы облыстық қазақ шипагерлiк, дәрiгерлiк қоғамы» құрылды. Әрi «Iле медицинасы», «Қазақ шипагерлiгi» сынды 2 медициналық журнал жарық көрдi. Қытай оқу-ағарту министрлiгi мен мемлекеттiк қытайша шипагерлiктi, дәрiгерлiктi басқару мекемесiнiң бекiтуiмен 2010 жылы Алтай аймақтық медициналық институтында қазақ шипагерлiгiнен орта техникум сыныбы ашылса, 2011 жылы Үрiмжi қаласындағы Шыңжаң медицина университетi ұлттық шипагерлiкпен шұғылданатын мамандарды тәрбиелеу мақсатында тұңғыш рет бакалаврға талапкер қабылдады. «Қазақ шипагерлiгiнiң негiздiк назариясы», «Қазақ шипагерлiгiнiң анатомиясы», «Қазақ шипагерлiгiнiң рецепт жинағы», «Қазақ шипагерлiгiнiң дәрi материалдары», «Қазақ дәрiгерлiк шежiресi», «Шипагерлiк қазына» сынды оқулықтардың құрастырылуы қазақ ұлтын Қытайдағы дәстүрлi медициналық жүйесi дамыған 6 ұлттың бiрiне айналдырды. «Асыл кездiк қын түбiнде жатпайды» демекшi, қазақтың 40-қа жуық ұлттық дәрiсi Шыңжаң өлкесiндегi шипаханалар iшiнде саудаланатын дәрi болып бекiтiлдi. Ал, 4 қазақы дәрi қазiргi таңда мемлекеттiк сараптау сатысында тұр. Түрлi сүйек сынықтары мен жарақатын қазақ оташылары буын-буынына дейiн қиюластырып салғанда Қытай профессорлары ерiксiз бас шайқады, — дейдi қазақ дәрiгерлер. Қазақ емшiлiгiнiң құдiретiн мойындаған Қытай үкiметi осы саланы дамытуға бюджеттен 10 миллион юаньнан астам қаржы жұмсапты.
                                                    Өтейбойдақтың шәкiрттерi көп
Осыдан бiрнеше жыл iлгерi Қытайда құс тұмауы ауруы қабындап, аспан асты елiнiң iшкi өлкелерiнде сан мыңдаған халық осы вирусты жұқтырған болатын. Бiр қызығы, тұтас елдi шарпыған дерттен Шыңжаң өлкесi, оның iшiнде қазақтар жиi шоғырланған Iле, Алтай, Тарбағатай аймағы дiн аман қалған. Қытай ақпарат кеңiстiгiнде қызу талқыланған жаңалықтың жауабын Қытай орталық медициналық зерттеу мекемесi бердi. Мәлiмдеуiнше, қазақ ұлтының тағам тұтыну өзгешелiгi оларды осы iндеттiң жұғуынан аман сақтап қалған. Сондағысы не дейсiз ғой? Кәдiмгi қазақы сүттi шәй. Қалампырлап, сүттiлеп, қызылдап, тұз салып, исiн бұрқыратып самауырмен бұрқылдатып-сарқылдатып қайнатқан жеңгейлердiң шәйi. Ал қажет болса, Қытай ғалымдары он ойланып, жүз толғанып жүргенде, ауылдағы жеңгейлер дерт-дербезге қарсы дәрiнi әлдеқашан ойлап тауып қойған екен.
Жуырда Iле қазақ автономиялы облысына қарасты Нылқы ауданы Мыс ауылдық емханасының зейнеттегi халық емшiсi Әлеш Сәтбақын 20 жыл зерттеуiнiң нәтижесiнде жаналғыш әзiрейiл — СПИД ауруының шипалы дәрiсiн тауыпты. Кезiнде «Қара бақсының ауылы» деп атаған Әлеш ағаның ауылынан емшi үзiлмептi, арғы-атасы Тегiсбай атақты бақсы әрi киелi емшi болған кiсi екен. 1990 жылдардан бастап АIDS ауруының емiн табуға құлшынып, алуан түрлi шөптiң қасиетiн айырып, одан түрлi дәрi жасапты. Әрi сол емдiк дәрiлермен 2014 жылы 4 ай iшiнде бiр әйелдi жаман кеселден құлантаза сауықтырыпты. Бүгiнде сол әйелдiң қолында Қытай халық емханасының алғашқы диагнозы мен Әлеш емшiнiң емiнен кейiнгi тексерiлген куәлiгi бар. Дәрiнiң емдiк қасиетiн одан ары жоғарылата түсу үшiн iзденiс жасалуда. Тiптi, осы ауруға шалдыққан 4 адамды емдеу үстiнде екен. Қытай медицина мамандарының айтуынша, бұл жетiстiк адамзатты АIDS сынды жаналғыш дерттен айықтыруы мүмкiн дейдi.
Әкесi ертеректе дүние салғандықтан көптеген құнды дүниелердi қағазға түсiре алмапты. Бүгiнде бары 500-ге жуық құпия рецепт. Әкеден көрген-бiлген, сыннан өткен емшiлiктi негiз етiп 10 ғылыми мақала жазыпты. 50 реттен астам тәжiрибе жасау арқылы өсiмдiк майынан темiреткiнiң, түрлi терi ауруларының дәрiсiн және қан қоюлығына ем болатын дәрi жасап, оның емдiк деңгейi 90 пайыздан асыпты. Әттеген-айы, Әлекеңде дәрi өндiретiн зауыт немесе құрал-жабдық болмағандықтан нарыққа шығаруға дәрменсiз күй кешуде.
P.S. Шәкәрiм Құдайбердiұлы айтқандай, табиғаттың сырын меңгерген қазақтың далалық медицинасын өз деңгейiнде бағалай алмай келемiз. Соның кесiрiнен Өтейбойдақ Тiлеуқабылұлы атамыздың «Шипагерлiк баянын» да қытайлар иемденiп кеткенi белгiлi. Ендеше, күнi ертең қалтаның таяздығынан осы рецепттер қытайлардың өнiмiне айналып кетпесiне кiм кепiл?! Алтай қарт пен Әлеш ағаның күллi ғаламшардың бас ауруына айналған аса iрi қауiптi дерттi емдеудегi талпынысы мен алғашқы қадамын өзгелер меншiктеп алмаса игi едi!