#Қазақстан

#Түркістан

#Мәдениет

#Тәуелсіздік30

#Руханижаңғыру

#Shymkent

#Covid-19

Редакция таңдауы

TURKISTAN: Заңсыз қоқыс орындарын жою бойынша шаралар күшейтілді

Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен өткен кеңесте заңсыз қоқыс орындарын жою, тұрмыстық және құрылыс қалдықтарын бейберекет тастауға жол бермеу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мен шешілуі тиіс өзекті мәселелер талқыланды, деп хабарлайды Adym.kz ақпараттық сайты қала әкімдігіне сілтеме жасап.

Фото қала әкімдігінен алынды.

Түркістан қаласында қоршаған ортаны қорғау және санитарлық тазалықты сақтау мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде. Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен өткен кеңесте заңсыз қоқыс орындарын жою, тұрмыстық және құрылыс қалдықтарын бейберекет тастауға жол бермеу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мен шешілуі тиіс өзекті мәселелер талқыланды.

Жиын барысында қалалық полиция басқармасының жергілікті полиция бөлімінің бастығы Ахан Сапарбеков соңғы аптада жүргізілген рейдтердің нәтижесін баяндады. Оның айтуынша, заңсыз қоқыс тастаған 3 кәсіпкер мен 9 жеке азаматтың құқық бұзушылық әрекеті анықталған. Оларға жалпы көлемі 865 мың теңге айыппұл салынған. Сонымен қатар, заңсыз қоқыс тасымалдаған жүк көліктері айыптұраққа қойылды.

Дегенмен қала әкімі бұл көрсеткіштің тым төмен екенін атап өтіп, полиция тарапынан бақылауды күшейтуді тапсырды. Әзімбек Пазылбекұлы:
«Бір реттік айыппұлдармен шектелу жеткіліксіз. Мәселені жүйелі түрде шешу үшін күнделікті рейд жүргізіп, заң бұзушылыққа мүлдем жол бермеу қажет. Тазалық – қаланың абыройы. Әр тұрғын өзінің туған қаласына жауапкершілікпен қарауы тиіс», – деді.

Жиын барысында қала әкімінің орынбасарлары мен сектор меңгерушілерінің жұмысы да сынға алынды. Әсіресе Отырар, Бекзат, Шауғар, Бірлік және Яссы сектор басшыларына қатысты тәртіптік жауапкершілік мәселесі көтерілді. Әкім олардың заңсыз қоқыс орындарын дер кезінде анықтап, алдын алу шараларын ұйымдастыра алмағанын қатаң сынға алды.

«Әрбір сектор – қаланың айнасы. Егер аула мен көше қоқысқа толы болса, онда ол ең алдымен сектор басшыларының жұмысына сын. Халықпен түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, тазалықты тұрақты бақылауда ұстау қажет», – деді қала әкімі.

Кеңесте құрылыс және коммуналдық шаруашылық бөлімдерінің де жұмысы талқыланды. Әкім заңсыз пайда болған қоқыс карьерлерін толтыру, қоқыс алаңдарын ретке келтіру жұмыстарын шұғыл жүргізуді тапсырды. Бұл жұмыстарға тазалық мекемесі мен сектор басшылары толық жауапты болмақ.

Әзімбек Пазылбекұлының айтуынша, қала аумағындағы заңсыз қоқыс орындарын тазалау жұмыстары 10 қазанға дейін толық аяқталуы тиіс. Бұл мерзімде барлық жауапты органдар үйлесімді жұмыс істеп, тұрғындарға таза орта қалыптастыруы қажет.

Заңсыз қоқыс тастау мәселесін шешуде тек қана айыппұл салу жеткіліксіз екендігі атап өтілді. Осы орайда тұрғындар арасында кең көлемді ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу, экологиялық мәдениетті арттыру басты міндет болып отыр.

Әкімдік өкілдерінің айтуынша, алдағы уақытта мектептер мен жоғары оқу орындарында, көпқабатты үйлер ауласында, сондай-ақ шағын аудандарда арнайы акциялар өткізіліп, халыққа қоқысты белгіленбеген орынға тастаудың зияны түсіндірілмек. Сонымен қатар, қоқыс шығару қызметінің сапасын арттыру, контейнерлердің жеткілікті санын орнату мәселесі де күн тәртібіне қойылды.

Жиын соңында қала әкімі:
«Экология – тек әкімдік немесе полицияның емес, барша қоғамның ортақ жауапкершілігі. Егер әрбір тұрғын өз ауласын таза ұстап, қоқысты белгіленген орынға шығарса, заңсыз қоқыс орындарының түп-тамыры жойылады. Бізге тек қатаң бақылау ғана емес, халықтың саналы көзқарасы қажет», – деп түйіндеді.

Осылайша, Түркістан қаласында заңсыз қоқыс орындарын жою бойынша кешенді шаралар қабылданып жатыр. Әкімдік, полиция және коммуналдық қызметтердің бірлескен жұмысы нәтижесінде қаланың санитарлық жағдайын жақсарту, экологиялық мәдениетті көтеру және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру көзделіп отыр.

Жоспарланған жұмыстар уақытылы атқарылып, бақылау тетіктері күшейтілсе, алдағы уақытта Түркістан қаласында заңсыз қоқыс орындары түбегейлі жойылып, тұрғындарға қолайлы әрі таза орта қалыптасады деген сенім бар.

Соңғы жаңалықтар