
Әскери бөлім мен «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің бірлесіп ұйымдастыруымен 1-25 шақырылым сарбаздарының қатысуымен әзіл сайысы мен «Сарбаз дауысы» ән байқауы өткізілді.
Бұл кештің басты мақсаты — сарбаздардың ішкі шығармашылық қабілетін шыңдау, олардың бойындағы жасырын таланттарды жарыққа шығару, рухани-мәдени дамуына қолдау көрсету және әскери ортадағы моральдық-психологиялық ахуалды көтеру болды. Сонымен қатар, Отанға деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезімді өнер арқылы жеткізуге мүмкіндік беру — шараның маңызды міндеттерінің бірі болды.
Іс-шараның алғашқы бөлімінде өткен әзіл сайысы әскери өмірдің қатаң тәртібінен сәл де болса арылып, сарбаздарға көңілді көңіл-күй сыйлады. Сахнаға шыққан әр команда өздерінің тапқырлықтарын, сахналық мәдениетін, актерлік шеберліктерін ортаға салды. Жас жауынгерлер әзіл арқылы күнделікті әскери өмірден шабыт алған қойылымдар ұсынып, көрерменнің ықыласына бөленді.
Көңілді миниатюралар мен ұтымды әзілдер залда отырған көрермендердің — қатардағы сарбаздар мен офицерлердің де — ыстық ықыласына ие болды. Бұл бөлімде сарбаздар бір-бірін бұрынғыдан жақын тани түсіп, ұжымдық рух пен бірлікті нығайта түсті.
Кештің екінші жартысында ұйымдастырылған «Сарбаз дауысы» атты ән байқауында қатысушылар патриоттық рухтағы әндер арқылы туған елге деген сүйіспеншіліктерін жеткізді. Байқауға қатысқан сарбаздар қазақтың рухты әндерінен бастап, заманауи авторлық туындыларға дейін шебер орындап, өз дауыстары мен сахна мәдениеттерін көрсетті.
Әндерде Отанға деген адалдық, ата-ананың аманаты, туған жердің қадірі, ерлік пен батырлық туралы жүрекке жететін әуездер орын алды. Бұл — сарбаздардың тек әскери салада ғана емес, рухани дүниесінде де байлық барын көрсетті.
Іс-шара соңында үздік өнер көрсеткен сарбаздар арнайы дипломдармен, алғыс хаттармен және естелік сыйлықтармен марапатталды. Әділқазылар алқасы қатысушылардың шығармашылық деңгейіне жоғары баға беріп, олардың сахнада өздерін еркін ұстауы мен өнерге деген шынайы ықыласын атап өтті.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар сарбаздардың моральдық-психологиялық ахуалын нығайтып қана қоймай, олардың бойындағы жасырын қабілеттерін ашуға, бірлік пен ынтымақты арттыруға үлкен ықпал етеді. Сонымен қатар, сарбаздардың азаматтық болмысы мен тұлғалық дамуына оң әсерін тигізеді.
Қорытындылай келе, Түркістанда өткен бұл кеш – әскери өмірдің тек тәртіп пен машықтан ғана емес, рухани байлықтан да тұратынын дәлелдеді. Өнер мен әзіл, ән мен патриоттық сезім бір арнада тоғысқан бұл шара сарбаздардың өміріндегі жарқын сәттердің біріне айналды.
Ұлттық ұлан жауынгері – тек ел қорғаны ғана емес, рухани бай, жан-жақты тұлға.
«Әскер – ерлік мектебі, ал мәдениет – рух пен жүректің үні». Осындай ұлағатты шаралар алдағы уақытта да жалғасын табатынына сенім мол.

