
Тазалық – тіршіліктің негізі. Адамзат мекен еткен ортаның көркі мен сапасы, ең алдымен, қоршаған ортаның тазалығына тікелей байланысты. Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы еліміздің барлық өңірлерінде қызу қолдауға ие болып, кең көлемді тазалық жұмыстары жүргізілуде. Аталған акция аясында Түркістан қаласында да тазалықты сақтау, заңсыз қоқыс тастау деректерінің алдын алу және табиғатты қорғау бағытындағы ауқымды іс-шаралар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.
Қала әкімдігі мен полиция басқармасы бірлесіп, тазалыққа бағытталған рейдтік шараларды күшейткен. Атап айтқанда, қала маңындағы жазық аймақтар, сай-сала мен төбе етектерін заңсыз қоқыс төгу алаңына айналдырмау мақсатында күндізгі және түнгі уақыттарда бақылау шаралары тұрақты түрде ұйымдастырылуда. Бұл жұмыстарға учаскелік полиция инспекторлары да жұмылдырылып, заңсыз әрекеттерге тосқауыл қою көзделіп отыр.
Жуырда Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы қаланың шеткері аймақтарындағы нысандарды аралау барысында кезекті заңсыздықтың үстінен түсті. Атап айтқанда, жеке меншік жүк көлігі иесі қала сыртындағы төбе маңына құрылыс қалдықтарын төгіп жатқан сәтінде қолға түсті. Оқиға орнына жедел түрде учаскелік полиция қызметкерлері шақыртылып, құқық бұзушыға қатысты тиісті шара қолданылды. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабы (қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу) негізінде 78 640 теңге көлемінде айыппұл салынып, қоқыс төгілген жерді қалпына келтіру жұмыстары тапсырылды.
Жалпы алғанда, 2025 жылдың басынан бері Түркістан қаласы аумағында тазалық және абаттандыру талаптарын бұзу деректері күрт артып отыр. Ресми мәліметтерге сүйенсек, тоғыз ай ішінде 8 мыңнан астам құқық бұзушылық фактісі тіркеліп, оларға қатысты әкімшілік шаралар қабылданған. Соның ішінде 6 273 дерек қоғамдық орындарды ластаумен байланысты болса, 2 051 факті қала аумағын абаттандыру талаптарын сақтамау деректері ретінде тіркелген. Бұл – жай ғана сандар емес, әрбір факті – табиғат пен ортаға келген нақты зиян.
Рейдтік бақылаулар нәтижесінде бірнеше жеке тұлғалар мен кәсіпкерлер заңсыз қоқыс тастағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың көліктері арнайы айыптұраққа қойылып, материалдық жауапкершілікпен қатар, қоғам алдында да өз ісінің салмағын сезінуге мәжбүр болды. Атап өтерлік жайт, кейбір кәсіп иелері қоқысты арнайы рұқсат етілмеген жерлерге төгу арқылы табиғатты ғана емес, халықтың өмір сүру сапасын да елеусіз қалдыруда. Мұндай немқұрайдылықтың алдын алу үшін жергілікті билік пен тәртіп сақшылары кешенді жұмыстар жүргізіп жатыр.
Сонымен қатар, қала тұрғындары арасында санитарлық талаптарды түсіндіру, құқықтық сауаттылықты арттыру мақсатында насихат жұмыстары да кеңінен қолға алынған. Әлеуметтік желілерде, БАҚ беттерінде арнайы хабарламалар мен ескертпелер жарияланып, заңсыз қоқыс төгудің салдары мен жауапкершілігі кеңінен түсіндірілуде. Жергілікті полиция мен “Жасыл ел” жасағының еріктілері қала көшелерін аралап, тұрғындарға бетпе-бет ақпарат беріп жүр.
Түркістан қаласының дамуы мен өркендеуі, туристік әлеуетінің артуы – тек заманауи нысандардың салынуымен ғана емес, сонымен қатар қала тазалығы мен тәртіптің сақталуымен де тығыз байланысты. Қаланы таза ұстау – тек әкімдік пен полицияның ғана емес, әрбір тұрғынның азаматтық борышы. Әсіресе кәсіпкерлер мен құрылыс компаниялары өз қызметінің қоршаған ортаға әсерін ескеріп, қалдықтарды арнайы полигондарға тасымалдауға міндетті.
Қалалық әкімдік пен полиция басқармасы тарапынан тазалық пен тәртіпке қатысты бақылау шаралары алдағы уақытта да өз жалғасын табады. Бұл бағыттағы жұмыстар тек әкімшілік жазалаумен шектелмей, қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға да бағытталған. Өйткені, заңнан тыс төгілген бір жүк қоқыстың өзі табиғатқа жылдар бойы залал келтіріп, адамның денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін.
Бүгінгі таңда Түркістан – еліміздің рухани астанасы ғана емес, халықаралық деңгейде танылған, тарихы терең қала. Бұл қасиетті мекеннің тазалығын сақтау – баршамыздың ортақ міндетіміз. Тұрғындар да, кәсіпкерлер де бұл мәселеге салғырт қарамай, жауапкершілікпен қараса, шаһарымыздың келбеті күн санап көркейе түсері анық.

