
Осыған байланысты бүгін Түркістан қалалық полиция басқармасының бастығы Жасұлан Нысанбаев арнайы брифинг өткізіп, жыл басынан бері атқарылған жұмыстар мен жол қауіпсіздігін күшейту бағытындағы нақты шаралар жайлы кеңінен баяндады.
Полиция басқармасы ұсынған деректер көңіл алаңдатарлық. 2025 жылдың басынан бері әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша бірқатар заңбұзушылық тіркелген. Атап айтқанда, мас күйде көлік басқарудың 139 дерегі анықталса, қарсы бағытқа шығып кету – 108, жаяу жүргіншіге жол бермеу – 970 жағдай, ұялы телефонды көлік жүргізу кезінде пайдалану – 2 350 рет, қауіпсіздік белдігін тақпау – 8 547 рет тіркелген. Сондай-ақ авариялық ахуал туғызу бойынша 261 дерек анықталып отыр. Бұл сандар жол ережесін елемеу әлі де өзекті проблема екенін айқын көрсетеді.
Жол қозғалысын бақылауды күшейту мақсатында жаңа технологиялар да кеңінен қолданылуда. Қала аумағында жылдамдық режимін автоматты түрде тіркейтін екі заманауи мобильді кешен – Ekin Patrol G2 орнатылған. Бұл құрылғылар көлік ағыны ең көп саналатын Шымкент–Самара тас жолында, Кентау тас жолында және Б. Саттарханов даңғылында тәулік бойы жұмыс істейді. Нәтижесінде күн сайын 200-ден астам жылдамдықты асыру дерегі анықталып, жүргізушілерге тиісті шара қолданылуда.
Жасұлан Нысанбаевтың айтуынша, қала ішінде жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін тұрақты түрде рейдтік шаралар жүргізіледі. Әр аптаның сейсенбі және сенбі күндері Түркістан қаласы аумағында полиция қызметкерлері «Тасымалдаушы», «Қауіпсіз жол!», «Құқықтық тәртіп», «Автобус», «Заңсыз тасымалдаушы», «Назар аударыңыз, балалар!» сияқты жедел-профилактикалық іс-шараларды ұйымдастырады. Бұл рейдтер жолаушылар тасымалының қауіпсіздігін тексеруге, қоғамдық көліктердің техникалық жағдайын бақылауға және жаяу жүргіншілердің ережені сақтауына бағытталған.
Қала аумағында балалардың қатысуымен болатын жол апаттарының алдын алу да ерекше назарда. Мектеп маңындағы өткелдер мен аулаларда патрульдер күшейтіліп, таңертеңгі және кешкі уақытта тәртіп сақшылары арнайы кезекшілік жүргізеді. Сонымен бірге, оқу орындарында оқушыларға арналған түсіндіру сабақтары, интерактивті дәрістер мен қауіпсіздік бойынша тренингтер өткізіледі.
Брифинг барысында басқарма бастығы тұрғындарға арнайы үндеу жасады:
– Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқықтық тәртіпті нығайту бойынша бірқатар алдын алу шаралары жүргізілгеніне қарамастан, жол-көлік оқиғалары әлі де орын алып отыр. Әсіресе жүргізушілердің жылдамдықты асыруы мен жаяу жүргіншілердің жолды белгіленбеген жерден кесіп өтуі үлкен қауіп төндіреді. Сондықтан әрбір көлік иесін тәртіп сақтауға, ал жаяу жүргіншілерді белгіленген өткелден өтуге шақырамын. Жолдағы әрбір адамның өмірі – бәріміз үшін қымбат, – деді Жасұлан Қаржаубайұлы.
Соңғы айларда жүргізілген кешенді жұмыстардың нәтижесінде кейбір көрсеткіштер бойынша оң өзгерістер байқалғанымен, полиция басқармасы сақтықты бәсеңдетпек емес. Жол қозғалысына қатысушылардың саналы тәртібі мен өзара сыйластығы ғана апаттың алдын алып, қаладағы қауіпсіздікті қамтамасыз ете алады.
Түркістан полициясы алдағы уақытта да заманауи бақылау жүйелерін көбейтіп, тұрғындармен бірлескен ақпараттық-насихат жұмыстарын жалғастырмақ. Жергілікті билік пен құқық қорғау органдарының пікірінше, әрбір жүргізуші мен жаяу жүргіншінің жауапкершілігі артпайынша, жол-көлік оқиғаларының саны азаймайды. Сондықтан қала халқының қауіпсіздігі – әр азаматтың өзінен басталатыны тағы да еске салынды.
Жолда сақтық танытып, ережені сақтау – тек айыппұлдан құтылудың ғана емес, ең алдымен, адам өмірін қорғаудың кепілі екені Түркістан тұрғындары үшін басты қағидаға айналуы тиіс.

