
Жиынға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, «Самұрық-Қазына» АҚ-ның Корпоративтік басқару, әлеуметтік-еңбек қатынастары және еңбекті қорғау жөніндегі басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов, депутаттар, жауапты сала басшылары, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының жетекшілері мен студенттер қатысты. Іс-шара барысында студенттерді өндірістік тәжірибеден өткізу және әрі қарай жұмысқа орналастыру бағытындағы нақты қадамдар талқыланды.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров бұл ынтымақтастық кәсіби кадрлар даярлау жүйесін жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдіріп, өңірде бұл бағытта жүйелі жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті.
– Бұл кездесу – өңіріміздегі кәсіби білім беру жүйесін жаңа сапаға бағыттайтын маңызды қадам. Президентіміздің 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауымен байланысты облыста ауқымды шаралар қолға алынды. Колледждер мен өндіріс орындары арасында тікелей байланыс орнатылып, өңір білікті жұмысшы күшіне және кәсіпорындар қажетті кадрға қол жеткізіп отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауында: «Еңбек адамы – еліміздің тірегі. Бізге нақты кәсіби маман қажет. Жастар бір мамандықтың қыр-сырын терең меңгеруге ұмтылуы тиіс», – деп атап өтті, – деді Нұралхан Оралбайұлы.
Сонымен бірге, биыл облыста техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына 15 500 мемлекеттік тапсырыс бөлініп, оның 9 500-і жұмысшы мамандықтарға бағытталған. Түркістан облысында 50 колледжді заман талабына сай бейімдеу үшін дуалды оқыту жүйесін кеңінен енгізу қолға алынып отыр. Мысалы, Түркістан индустриялық аймағында орналасқан «BNK group» және «Жасыл-Суық» компаниялары колледждермен тығыз серіктестік орнатып, электрмонтер, дәнекерлеуші, электрик, техник-оператор сияқты сұранысқа ие мамандықтар бойынша студенттерді жұмысқа қабылдауда.
– «Самұрық-Қазына» қорының құрамдас компаниялары тарапынан студенттерді өндірістік тәжірибеден өткізуге және әрі қарай жұмысқа орналастыруға бағытталған қадамдарын жоғары бағалаймыз. Сіздермен бірлескен жұмыстың нәтижесінде облыста кәсіби кадр даярлау ісін жаңа деңгейге көтереміз деп сенемін. Бұл – жастардың бәсекеге қабілетті болуына және олардың тұрақты жұмыспен қамтылуына бағытталған маңызды қадам, – деді әкім және колледждер мен кәсіпорындар арасындағы байланысты одан әрі нығайтуға әкімдік тарапынан толық қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Іс-шара аясында Түркістан облысында «Жұмысшы мамандықтар жылы» бағдарламасы бойынша жаңа 6 мамандық ашылғаны да хабарланды. Бұл шешім өндірістік сектор мен жұмыс берушілердің нақты сұранысын ескере отырып қабылданған.
Салтанатты шара барысында Түркістан облысы әкімдігі мен «Самұрық-Қазына» АҚ арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Меморандум аясында студенттерді өндірістік тәжірибеден өткізу және әрі қарай жұмысқа орналастыруға бағытталған бірқатар нақты жобалар жүзеге асырылады.
Сонымен қатар, дуалды оқыту бойынша «СП Буденовское» кәсіпорыны, Кентау көпсалалы колледжі және студент арасында үшжақты келісімшартқа қол қойылды. Бұл тәжірибе облыста кәсіби білім мен өндірісті интеграциялаудың маңызды үлгісі ретінде қарастырылуда. Бұдан бөлек, «Қазақтелеком» АҚ мен «Woosong» IT университеті арасында да ынтымақтастық туралы келісімшарт жасалды.
Іс-шара соңында «Самұрық-Қазына» АҚ «Тәлімгер» жобасы аясында екі бітіруші түлектің ірі кәсіпорындарда жұмысқа орналасуына қолдау көрсетіп, еңбек кітапшаларын табыстады.
Сонымен қатар, қатысушыларға техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына экскурсия ұйымдастырылып, Түркістан қаласындағы «Көпсалалы индустриалды-техникалық» колледжі мен «Түркістан жоғары Болашақ» колледжінің материалдық-техникалық базасымен таныстырылды. Бұл сапар білім беру ұйымдарының қазіргі заманға сай жабдықталуын және өндірістік тәжірибеге дайындығын көрсетіп, жастар мен ата-аналарға сенімділік сыйлады.
Түркістан облысында кәсіби мамандарды даярлау ісі жаңа белестерге көтеріліп, оқу орындары мен өндіріс орындары арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған бұл жоба өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына айрықша үлес қосатыны сөзсіз.

