Нұрсұлтан өзін басқа салада елестете алмайтынын айтады. Өйткені Нұрсұлтан үшін оның жұмысы – өмірінің мәні.
«Бала кезімнен қоғамға пайдалы болуды, адамдарға қызмет етуді армандадым. Бала арман мені бүгінгі құтқарушылық жолға әкелді», – дейді Нұрсұлтан.
Нұрсұлтан қазір 24 жаста. Қарапайым отбасында дүниеге келген. Үйінің кенжесі. Қазір отбасын құрып, ата-анасымен бірге тұрып жатыр. Шағын отбасында екі ұлы өсіп келеді. Мұның барлығын тәптіштеп айтып отырғанымыз, Нұрсұлтан отбасы туралы үлкен махаббатпен айтып берді. Себебі көп адамның өмірін құтқаруға себепкер болып, жұмысын үлкен махаббатпен атқаруына отбасындағы тәрбие себеп болған.
«1-сыныптан бастап, дзюдомен айналыстым. Сол себептен де болар, бала кезімнен айналамдағы достарым да, араласқан ортам да спортшылар болды. Колледж бітіргенге дейін дзюдоны тастамадым. Дзюдодан спорт шеберіне үміткер деген атағым да бар. Осылай жүргенімде қазіргі жұбайымды кездестіріп, 19 жасымда отбасын құрдым.
Әлі жаспыз, отбасының алдындағы жауапкершілік те бар. Сөйтіп, сүңгуірлікті таңдадым. Кезінде Атырау қаласында Батыс өңірлік аэроқұтқару жасағы болды. Сол жерге барып, құтқарушылар туралы естідім. Еңбек жолымды «Амангелді» кооперативінде сүңгуір болып бастадым. Жұмысым өзіме қатты ұнай бастады. Кейін Төтенше жағдайлар департаментіне келдім.
Әрине, бастапқыда қиын болатын шығар деген қорқыныш болды. Себебі Жайықтың асты бұлыңғыр болатын. Бірақ күнделікті жаттығу әрі тәжірибенің арқасында жұмысыма үйреніп кеттім», – дейді Нұрсұлтан.
Көп сөзге жоқ болса да, биязылығымен өзіне баурап алатын кейіпкеріміз жұмыстағы әр күні тосын оқиғаға толы екенін айтты. Біз Нұрсұлтаннан есінде қалған ерекше бір оқиғамен бөлісуін сұрадық.
«2021 жыл болатын. Қателеспесем, желтоқсан айы болуы керек. Сағат таңғы он шамасында диспетчер бір әйел адамның көпірден секіргенін хабарлады. Әйел адам Атырау қаласының «Тұрғындар» қалашығында орналасқан жаяу жүргіншілер көпірінен секіріп кеткен. Хабар түскеннен кейін 1-1,5 минут ішінде дереу жиналып, оқиға орнына бардық. Біз барған кезде полиция қызметкерлері де келіп жатыр екен. Дереу суға түсіп, әйел адамды құтқарып қалдық. Біз судан алып шыққан уақытта әйел адам ес-түссіз жатты. Оған дереу алғашқы көмек көрсеттік. Жағаға шығарып, жедел жәрдем шақырып, өмірін аман алып қалдық. Кейін білгеніміздей, әйел адамның аяғы ауыр болған. Және ол кісіде бәрі жақсы екенін естідік. Ішіндегі шарананың өміріне де қауіп төнбеген екен. Осы бір керемет жаңалық кәдімгідей қуантып тастады», – деді Нұрсұлтан.
Бір емес, екі адамның өмірін сақтап қалғаны үшін сүңгуір-құтқарушы Нұрсұлтан Жұмағазиев пен жедел кезекші Асланбек Құмаров екеуіне Президент бұйрығымен «Ерлігі үшін» медалі берілген.
«Құтқарушылық жұмысты бастаған алғашқы уақытта ата-анам алаңдап, жанын шүберекке түйіп отыратын. Бірақ біздің жұмысымызда күн сайын тәжірибе жинақтау өте маңызды. Кейде суға кеткен адамдарды тереңнен іздеп жатамыз. Мұндайда өзен-көлдің астына жиналған түрлі қалдық та кедергі болады. Оның барлығына ептілік керек. Күнделікті жұмыс оның бәріне үйретеді», – дейді Нұрсұлтан.
Өкінішке қарай, суға кеткен адамның бәрін бірдей құтқарып қалған бақытты оқиғалар жиі бола бермейді. Ащы да болса шындық, көп жағдайда құтқарушылар суға батып кеткен марқұмның денесін іздеуге көп уақыт жоғалтып жатады.
«Егер суға батқан адамның денесін алғашқы сағаттарда таба алмасақ, мәйіт араға 3-4 күн салып, су бетіне қалқып шығып жатады. Күн суық мезгілде дененің су бетіне шығуына, тіпті апталар мен айлар кетуі мүмкін», – дейді Нұрсұлтан.
Осыдан 10 жыл бұрын Жылыой ауданында қайғылы оқиға болды. Қараша айында Құлсары маңындағы Қамыскөл көлінде қайықпен балық аулауға шыққан әкесі мен баласы суға батып кетті. Олардың денесі төрт ай бойы табылмады. Марқұмдардың денесі мұз ерігеннен кейін ғана табылды.
«Судың ластануы салдарынан су астында көру деңгейі нөлге тең. Су түбінде көптеген темір, бетон плиталары, балық аулауға арналған ау сияқты қауіпті қалдықтар жатады. Осындай жағдайда денені табу үшін сүңгуірлер судың түбін қолымен «аршығандай» қарап шығады. Мұның бәрі ұзақ уақытты қажет етеді», – дейді Нұрсұлтан.
Біз Нұрсұлтаннан құтқару жұмысына бара жатқан кезде қандай ойда болатынын сұрадық.
«Хабар алған уақытта «адам өмірін құтқарып қалсақ екен» деген ой болады. Және берілген ақпаратты сараптап, адамды қандай тактикамен құтқара алатынымды ойлап, іштей жоспар құра бастаймын. Ал суға түсіп жатқан кезде отбасыммен аман-есен қауышсам екен деген ниет болады», – дейді Нұрсұлтан.
Кейіпкеріміздің айтуынша, құтқарушы болу үшін тез шешім қабылдай алатын, өз ісіне жауап бере алатын адам болу маңызды. Себебі сүңгуір болу ептілікті, үлкен жауапкершілікті қажет етеді.
«Сүңгуірдің жұмысы уақытты, мезгілді таңдамайды. Таңертең немесе кеш, қыс немесе жаз деген анықтамалар біз үшін жоқ. Қай уақытта суға түсу керек болса, сол уақытта суға түсеміз. Біздің жұмыс уақытымыз сағатпен өлшенбейді. Және су қателікті кешірмейді. Сондықтан сүңгуірге ең керегі – стратегия», – дейді Нұрсұлтан.
Құтқарушы-сүңгуірдің айтуынша, физикалық дене дайындығы және психологиялық тұрғыда мықтылық, стресске төзімділік қасиеттердің болуы да шешуші рөл атқарады. Себебі сүңгуірлер көп жағдайда өз өмірін қауіпке тігіп жатады.
Жоғарыда біз Нұрсұлтанның алтын асықтай екі ұлы өсіп келе жатқанын айттық. Үлкен ұлы Темірлан 5 жаста, кенжесі Юсуф 2 жаста. Нұрсұлтаннан біз балалары әке жолын қуғысы келсе, не айтатынын сұрадық.
«Өзім құтқару саласында жүргеннен кейін бұл жұмыстың оңай емес екенін білемін. Біздің әр күніміз сынақтан тұрады. Бірақ балаларымның бұл салаға келгенін қаламас едім. Ал егер олардың жүрек қалауы осы сала болса, онда қолдауға дайынмын. Білгенімді үйретіп, тәжірибеммен бөлісемін», – деді Нұрсұлтан.