Елорда су айдындарында адамдардың қаза болу фактілерін болдырмау мақсатында Астана қаласының ТЖД полиция, Ұлттық ұлан қызметкерлері және еріктілермен бірлесіп, қала су айдындарында профилактикалық іс-шараларды күшейтті.
Елордалық ТЖД базасында ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдері комитеті төрағасы орынбасарының у.м.а. полковник А.Қ. Ахметжановтың төрағалығымен рейдтік іс-шараларға қатысқан жеке құраммен нұсқаулық өткізілді. Рейдтік іс-шараларды өткізу барысында елорда тұрғындары мен қонақтарына үгіт-насихат жадынамалары мен брошюралар тарата отырып, су айдындарындағы қауіпсіздіктің негізгі ережелері жеткізіледі.
Сондай ақ, қала су айдындарында қауіпсіздік ережелерін бұзу фактілері анықталған кезде бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Биылғы шомылу кезеңінің басынан бастап «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес су айдындарында 364 және 412-баптар бойынша 31 жеке тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды, сондай-ақ қоғамдық орындарда алкоголь ішу ережелерін бұзғаны үшін 440-бап бойынша 42 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.