2024 жылғы 22 мамырда Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өрт қауіпті кезең бойынша брифинг өтті. Спикер ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының орынбасары Марғұлан Аманбаев болды.
Спикер хабарлағандай, табиғи өрттерді тиімді алдын алу және оларды жою азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесіне баса назар аударылатын негізгі бағыттардың бірі болып табылады.
Ағымдағы жылғы өрт қауіпті кезең басынан бері 33 орман өрті тіркелді, бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 4,4 есе аз. Сондай-ақ жалпы ауданы 353 га болатын 148 дала жануы тіркелді, бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 5 есеге төмендеу.
Оңтүстік өңірлердегі өрт қауіпті кезең ағымдағы жылғы 20 наурыздан, ал солтүстік, батыс, шығыс және орталық бөліктерде ағымдағы жылғы 8 сәуірден басталды.
Төтенше жағдайлар министрлігі өрт қауіпті кезеңде халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында өрт қауіпсіздігі шараларын күшейтуге бағытталған шаралар кешенін қабылдауда.
Әр өңірде ірі өрттермен күресу үшін күштер мен құралдар көзделген, жалпы ел бойынша 50 мың адам және 10 мыңнан астам техника дайын. Қазіргі таңда аэровизуалды барлау үшін 120 дрон бар.
Қазавиақұтқару авиациясының 19 борты тұрақты дайындық режимінде тұр, оның 9-ы су төгетін құрылғылармен жабдықталған.
Мемлекеттік өртке қарсы қызмет бөлімшелері жоқ елді мекендердегі және дала аумағындағы өрттерді жою үшін ерікті өртке қарсы құралымдары тартылады. Ел аумағында барлығы 241 ерікті өртке қарсы құралымдары құрылды. Бұдан бөлек, әкімдіктер мемлекеттік өртке қарсы қызметі жоқ елді мекендерді қорғау үшін өрт сөндіру бекеттерін құрады. Бүгінгі таңда республикада 720 өрт сөндіру бекеті құрылды.
Табиғи өрттерге ден қою алгоритмін тәжірибелік пысықтау үшін 15-16 мамырда «Өрт-2024» Республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулар өткізілді. Оқу-жаттығу шеңберінде ормандардағы өрт қауіпсіздігі режимін сақтауға бағытталған профилактикалық іс-шаралар кешені, орман-дала өрттері барысында туындайтын негізгі және қосалқы міндеттерді орындау бойынша уәкілетті органдармен және ұйымдармен штабтық жаттығулар өткізілді.
Барлық өңірлерде орман шаруашылығы мекемелерімен 175 өрт-тактикалық оқу-жаттығу өткізілді. ТЖМ-да оқу орталықтарында орман күзетінің 1 300 қызметкері оқытылды.
Өрт қауіптілігі жоғары класс кезеңінде ТЖМ күштерімен орманшылықтарда механикаландырылған күзет ұйымдастырылады.
Өңірлерде алдын алу шаралары басталды. Еліміздің орманды-дала алқаптарында алдын алу шараларын жүргізу үшін мемлекеттік өрт бақылау, орман шаруашылығы мекемелері мен жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері қатарынан мобильді топтар құрылды. Рұқсат етілмеген от жағу, ауыл шаруашылығы алқаптарында құрғақ шөптің бақылаусыз жануы, сабанды жағу және өрт қауіпсіздігі қағидаларының басқа да бұзушылықтары үшін бүгінгі күні 920 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Шаруа қожалықтарын аралау практикасы жандандырылды —
шамамен 80 мың адамды қамти отырып, 1200 жиын, 11 мың нұсқама, 500 дөңгелек үстел өткізілді.
Биылғы жаз ыстық болады деп болжануда, табиғи өрттің қаупі жоғары.
Әрине, елдің орманды дала аймағындағы өрт қаупіне табиғи климаттық жағдайлар мен азаматтардың өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзуы үлкен әсер етеді, бірақ біз өрттердің алдын алу, таралуын шектеу және оларды сөндіру бойынша уақтылы шаралар қабылдауымыз керек.
Табиғи өрттердің туындау қаупін азайту мақсатында азаматтардан өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтауды сұраймыз:
— жанып тұрған сіріңке мен темекі тұқылын тастамаңыз;
— орман және дала алқаптарында от жағуға жол бермеу;
— табиғат аясында болғаннан кейін шыны ыдыстарды өзіңізбен бірге алып кету керек, өйткені күн сәулесі әйнектен өтіп, құрғақ шөпті тоғыстырып, өртеп жіберуі мүмкін;
— жанғыш қоқыстарды шығару, құрғақ өсімдіктерден тазарту және елді мекендердің аумағын жинау бойынша іс-шаралар жүргізу;
— табиғи өрт туындаған жағдайда өртке қарсы қызметіне 101, 112 телефондары бойынша дереу хабарлау қажет.
Орман және дала алқаптарында өрт қауіпсіздігі қағидаларын сақтамағаны үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 336, 367, 410-баптары бойынша әкімшілік жауапкершілік көзделгенін назарларыңызға саламыз.