Ғаламдағы ең қауіпті мамандықтардың бірі – өрт сөндіруші қызметі. Нағыз ер азаматтарға тән мамандық жүректілік пен батылдықты талап етеді. Күнде өлім мен өмірдің арасында арпалысып жүрген батырлардың құрал-саймандары сақадай сай, дайындықтары жоғары деңгейде болуы керек. Себебі, бұл іс сәл мүлт кетуді кешірмеуі мүмкін. Тәуліктің кез келген уақытында, аптап ыстық пен қақаған аязда ол отқа да, суға да түседі. Олардың санасына «құтқару» деген ұғымның сіңіп қалғаны соншалық – әрдайым тілсіз жаумен бетпе-бет келуге дайын.
Бүгінгі күннің батыры
Шымкент қаласы №1 өрт сөндіру бөлімінің «Аға өрт сөндірушісі» болып қызмет ететін Абзал Жәкібаевты бейбіт күннің батыры десек артық айтпаған болармыз. Жас өрт сөндіруші жанып жатқан үйден екі адамды аман алып шықты. Басын бәйгеге тігіп, өзгенің өмірі үшін арпалысқан өрт сөндірушіге елдің айтар алғысы шексіз.
Оқиға 5-ші қыркүйек күні қаладағы көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде болған. Достарына қонаққа келген Абзал түнгі сағат 22: 30 шамасында таза ауамен тыныстауға далаға шығыпты. Осы кезде әлдекімдер төртінші қабаттағы пәтерлердің бірі жанып жатқанын айтып, көмек сұраған. Тұрғындардың «Ішінде адамдар қалды!»,-деп айғайлағанда Абзал еш ойланбастан жәрдем беруге асығыпты.
– Есікті бұзып кіргенде ас бөлмесі жанып, от дәлізге өткен екен. Үстімдегі киімімді сулап алып, еңбектеп ішке кірдім. Жерде жатқан қарт ананы көріп сыртқа алып шығып, көршілеріне тапсырдым. Олар іште тағы бір адамның бар екенін айтты. Ол кезде пәтер ішін қап-қара түтін тұмшалап алған еді. Еңбектеп жүріп оны да тауып, сыртқа алып шықтым,- дейді қаһарманымыз.
Өз өмірін қатерге тігіп, өзгені өлімнен арашалап қалған өрт сөндіруші жергілікті тұрғындар үшін нағыз қаһарманға айналған.
– Өзімнің жасаған ісімді ерлікке баламаймын. Әрбір өрт сөндіруші жұмыста болсын, мейлі жұмыстан тыс уақытта болсын адам өмірін өрттен арашалауға дайын болу керек деп ойлаймын, — дейді Абзал.
Абзал – Түлкібас ауданының тумасы. Отбасындағы 6 баланың екіншісі. Әке-шешесінің қарашаңырағына ие болар жалғыз –ұл.
Ол –Шымкент аграрлы колледжінде «Салықшы» мамандығы бойынша орта білім алған. Оқуды тәмамдаған соң Отан алдындағы әскери борышын өтеген. Шымкент қалалық №1 өрт сөндіру бөлімінде 2013 жылдан бері қызмет етіп келеді. Сондай-ақ, №1 Өрт сөндіру бөлімінде қазірде 97 қызметкер қала тұрғындарының қауіпсіздігі үшін отқа қарсы тұруда.
Өрт сөндіруші қызметінің ерекшелігі қандай?
Өрт сөндіруші кәсібі басқа жұмыстарға қарағанда өте жылдам әрекет етуді талап етеді. Себебі, дабыл түскеннен кейін арнайы киімдерді киіп, өрт сөндіру бөлімінен оқиға орнына шығу үшін 1 минут ғана уақыты бар. Егер өрттің ішінде адамдар қалған болса, оны құтқару міндеті тұрады. Оқиға орнына келгеннен кейін өрт сөндірушілер өрт орны мен таралу аймағын анықтайды, өрт сөндіру түтік құбырларын дайындап, 1-2 минут ішінде сумен байланыстырады. Шағын өртті бірнеше минутта сөндіруге болады, ал, кей кездері сөндіру жұмысы тәулік бойына жалғасып қана қоймай өзгелерді құтқару барысында өрт сөндіруші өз өміріне де қауіп төндіреді. Әрине, физикалық дайындалған адам баспалдақты қолдануды, жүгіріп, секіруді, ауыр заттарды көтеруді үйрене алады. Бұдан бөлек өрт сөндірушілерге газ түтінінен қорғау құралдарын қолдануды, қатты түтіндеу жағдайында іс-қимыл жасауды үйретеді. Дегенмен ең қиыны – кез келген уақытта өз бойыңнан өзгенің өмірі үшін жан қиюға дайын тұратын қайсарлық пен ерлікті табу.
–Бір сәт көз алдыңызға өртке оранған үйді, жан-жағына қауіп төндіріп, алаулаған жалынды елестетіп көріңізші. Жалын ішінде балалардың қалып қойғанын ойлау өте ауыр емес пе?! Міне, біз таңдаған мамандық осындай қиыншылықтармен күнделікті бетпе-бет келіп, оқыс оқиғалардың алдын-алу мен болдырмауды мақсат етеді, — дейді Шымкент қаласы №1 өрт сөндіру бөлімінің басшысы Сабит Ташимбаев
Статистика мәліметтері өрт сөндіруші мамандығы әлемдегі ең қауіпті жұмыстардың қатарына кіретінін көрсетеді. Өрт сөндіруші бұл – қаншалықты шаршаса да, көңіл-күйі болмаса да әрқашан батыл әрекетке дайын тұратын адам. Ол өрттің өшірілуі қанша уақыт алатынын еш уақытта болжап біле алмайд және келесі өртенген ғимартта оны не күтіп тұрғанынан да бейхабар.
Мұнда да әскери тәртіп. Командирдің әр сөзі – заң. Бұлжымай орындалады. Төтенше оқиға болмаса да өрт сөндірушілердің әр минуты, әр секунды санаулы. Жұмыс кестелері тығыз. Жауынгерлер әрқашан қандай жағдайға да сақадай-сай болуы керек. Бұлардың күнделікті өмірі спорт десек болады. Тәулік бойы жаттығады. Ғимараттың ішінде де, сыртында да жедел-құтқару шараларына үздіксіз дайындалады. Бұған қоса, арнайы әзірліктен өткен жетекші офицерлердің дәрістерін тыңдап, теорияны практикамен ұштастырады. Өрт қауіпсіздігі ережелері мен тәлімдерін қайта-қайта пысықтап, техникалық құрал-саймандарының толыққандығын ыждаһатты тексеріп отырады. Қысқасы, шұғыл шақыруға тап-тұйнақтай дайын жүреді.
– Алауалап тұрған жалынға әркім өз білгенінше су шашу -бұл өртті ауыздықтай алады деген сөз емес. Өрт сөндіруді ұйымдастырудың да өзіндік жүйесі бар. Қандай жағдайда көбік, қай жеріне су шашу керектігін, жанып жатқан нысанға су шашуды әуелі қай жерінен бастау қажеттігін аға өрт сөндірушілер жедел түрде кеңесіп әрекет жасайды, — деп түсіндірді Шымкент қаласы №1 өрт сөндіру бөлімі басшысының орынбасары Азамат Қожахметов. – Қызыл жалынның ортасына кіргенде біздің бар назарымыз от ортасында қалған адамды құтқаруға, өртті сөндіруге ауады. Ал, алауды ауыздықтау – бүкіл бір команданың жұмысы. Сондықтан, біздің күшіміз – бірлікте, бір-бірімізге деген нық сенімде. Ең басты қағидат – осы. Бұған қоса, өрт сөндірушілерге шапшаңдық, жүректілік, қырағылық, әп-сәтте шешім қабылдай алатын тәуекелшілдік тән. Жауынгерлер алғашқы медициналық көмектен де хабардар болуы керек. Улы газға тұншыққан, күйік шалған адамдарға жәрдем бере алатындай қабілеті болғаны жөн,- деді басшының орынбасары.
Өрт сөндірушілер өрт болып жатқан жерге жетіп барудағы қиындықтары жайлы да баяндап берді. Олардың айтуынша жол бойында кездесетін кейбір кедергілер нысанға жетіп баруын кешіктіреді екен.
– Жаңадан салынған тұрғын үйлердің кіреберісіне өрт сөндіру машинасының кіруіне ешқандай жағдай жасалмаған. Автокөлік иелері де машиналарын қалай болса солай қойып, жолымызға кедергі болады. Қожайыны келіп, көлігін алып болғанша техникаларымыз біраз тұрып қалады. Көшелердегі кептеліс те – көп бөгеттің бірі. Өрт сөндіру машинасы дабылдатып келе жатыр-ау деп жол бере қоятын көлік иелері де некен саяқ, — дейді Азамат Қожахметұлы.
Әрбір өрт сөндіруші – қаһарман
Өрт шыққандығы жөніндегі дабыл бірыңғай диспетчерлік орталықтан мамандандырылған өртке қарсы қызмет бөліміне келіп түседі. Біз барған күні бөлім тыныш болды. Бірақ, өртке қарсы қызметі жауынгерлердің дайындығын сынау үшін жалған дабыл аракідік қағылып тұрады екен. Бұл жолы да солай болды. Қатер дабылдың құлақ тұндырар «құлын дауысы» шырқырай салысымен өрт сөндірушілер бірден іске кірісті. Бір сәтке де қарап қалған жоқ. Олардың әр секунды есептеулі екендігін байқадық. Қимыл-қозғалыстары мұнша жылдам болар ма?! Алдында ғана менімен әңгімелескенде әр сөзін баптап, ойланып айтып тұрған Абзалдың өзін танымай қалдық. Шалт қимылдаған ол сөздің емес, істің адамы екендігін дәлелдеп берді.
Дабыл қағылған сәтте кезекші жауынгерлер 20 секундтың ішінде арнайы киімдерін киіп, белдігін тағып, көліктеріне отырып, өрт болған жерге қарай шығып үлгеруі тиіс. Ал, тұрған жерінен «ұша жөнелетін» өрт сөндіру машинасы орташа есеппен 5 минуттың ішінде тиісті нүктеге келіп жетуі керек.
Жауынгерлер ауысым жетекшісінің тактикасымен қимылдайды. Сондықтан, басшы дер кезінде дұрыс шешім қабылдай алатын қырағы болуы керек. Өртті тез ауыздықтау да ауысым жетекшісінің шеберлігіне көп байланысты.
Өрт сөндірушілердің басты міндеттерінің бірі – оқиға орнындағы адамдарды қауіпсіз жерге көшіру.
Барлау жасауға және адамдарды құтқаруға кемі үш адамнан құралған газ-түтіннен қорғау қызметі аттанады. Өрт сөндірушілер қою түтін оранған аумаққа отқа күймейтін болат арқанмен тізбектеліп кіреді. Ең алдында және соңында тәжірибелі жауынгерлер жүреді. Жалынды өшіру уақыты оттың деңгейіне, өрт шалған аумағына қарай бірнеше минуттан бірнеше күнге дейін созылуы мүмкін.
Әрине, жауынгерлердің жұмысы өртті сөндірумен ғана шектелмейді.