Ең көп еңбек өтілі бойынша рекордтар кітабына енген Түкібаевтар әулеті үздіксіз теміржол саласында жұмыс істеп келеді.
Аталған әулет «Еңбек жолы» республикалық байқауының «Үздік еңбек әулеті» номинациясы бойынша жеңімпаз атанып отырған.
Әулет негізін қалаушылар – ағайынды Маукен, Ілияс, Сыдық үшеуі теміржолдағы еңбек жолын сонау 30-ыншы жылдары бастап, Түркістан–Сібір теміржолының құрылысына қатысқан екен.
Маукен Түкібаев пойыз кондукторы, содан кейін станция бойынша кезекші болған. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында станция бастығы болып жұмыс істеп, әскери оқ-дәрілер мен азық-түліктерді майданға үздіксіз әрі қауіпсіз жеткізу жұмыстарын қамтамасыз етуге үлес қосқан. Оның ағалары Ілияс пен Сыдық Түкібаевтар жол дистанциясында жұмыс атқарған.
Әкелерінің ерен еңбегін балалары Маликриян Маукенұлы, Серікқан Ілиясұлы, Ғали Сыдықұлы, Зұлкұмар Сыдықұлы абыроймен жалғастырған. Осы күндері темір жолда Түкібаевтар әулетінің негізін қалаушылардың немерелері мен шөберелері жұмыс істеп жүр.