#Қазақстан

#Түркістан

#Мәдениет

#Тәуелсіздік30

#Руханижаңғыру

#Shymkent

#Covid-19

Редакция таңдауы

Үкімет жұмыссыздықты азайтудың тетіктерін түсіндірді

Үкіметтің алдында жыл соңына дейін 1 миллионға жуық адамды еңбекпен қамту міндеті тұр. Биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша 734 мың азамат жұмыспен қамтылған. Олардың басым бөлігі – жастар.

Осы орайда «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы 35-ке дейінгі отандастарымыздың нарықтағы қажеттілігіне, мүмкіндігіне зерттеу жүргізді. Зерттеу нәтижесінде, респонденттердің тек 28,8 пайызының мамандығы бойын­ша қызмет істеп жүргені анықталып отыр.

Астанадағы «Қазмедиа» орта­лығының 21-қабаты «Жастар» ғылыми-зерттеу орта­лығының тұрақты пі­кір­­­­талас алаңына айнал­ды.­ Бұл жолы ұйымдас­ты­ру­­шы­лар «Жастар еңбек на­ры­­­ғында: қажеттілік, мүм­кін­­діктер мен перспектива­лар» тақырыбында тал­қы­лау өт­кіз­ді. Жиынға мем­ле­кеттік ор­ган­­дар, ҮЕҰ, ғылыми-сарап­та­малық және­ ака­де­мия­лық қо­ғамдас­тық­тар­дың өкілдері қа­тысты. Қа­тысу­шы­лар­ алдымен Мәде­ниет және ақпа­рат ми­нистр­лі­гінің тапсырысы бо­йынша әзірленген әлеу­мет­танулық зерттеумен танысты.

– Жастардың мамандық таң­дауына бірнеше фактор әсер етеді. Біз оның негізгі бес себебін анықтадық. Рес­пон­денттердің басым көпші­лі­гі болашақ қызметінің жала­қы­сына аса қатты мән береді. Бұл шамамен 56,7 пайыз. Жұмысқа орналасу­ мүм­­кіндігі – 44,9 пайыз. Жұ­мыс­тың мәртебесіне, беде­ліне зейін қоятындар – 37 па­йыз, ал тегін оқу мүм­кін­ді­гіне (соның ішінде мемлекет, ұйымдардың тағы бас­қа­лардың грантына) ие бол­ған­дар – 34,7 пайыз. Өзінің ын­та-жігерімен, қалауымен мамандық таңдағандар 22 пайызды ғана құрайды. Еңбек саласы мен алынған білімнің сәй­кес келмеуінің негізгі себеп­тері ретінде сауал­да­ма­ға қатыс­қандардың 23,5 па­йы­зы жалақының төмен дең­гейін, ал 21,5 пайызы ал­ған мамандығы бойынша жұмыс орындарының тап­шы­лығын атады. Сонымен қатар осы уақытқа дейін жұ­мыс­қа орналасудың жиі қол­да­нылатын әдістерінің бірі – дос­тарына, туыстарына, таныс­тарына жүгіну, – деді орталық директоры Айсұлу Ерниязова.

Құжатта көрсетілгендей, отан­­дастарымыз әсіресе өнер­­­кәсіп, көлік, байланыс, ауыл шаруашылығы және қоғам­дық тамақтану саласын­да­ жұмыс істегісі келеді. Сон­дықтан «Еңбек ресурс­та­рын дамыту орталығы» АҚ бол­жау және зерттеу де­пар­­­та­мен­тінің директоры ­Дмит­рий­ Шумеков жастар саны­­ның өсуіне байланысты әлеу­мет­тік-экономикалық ин­фра­­­құ­рылымға елеулі жүк­те­ме түсуіне дайын болу қа­жет екенін айтады.

– Еңбек нарығы демогра­фия­лық тақырыптан алыс бол­майтыны белгілі. Аумақ­та­р бойынша жастар ең көп шо­ғыр­ланған қала – Алматы (722,9 мың адам немесе қала тұрғындарының 33,4 пайызы), Түркістан облысы (682,1 мың) және Астана (468,4 мың адам немесе елордалықтардың 34,6 пайызы). Одан кейінгі орындарда Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Ақтөбе облыстары мен Шымкент қаласы тұр. Кейінгі жылдары елімізде туу көрсеткіші жоғары, жыл сайын 400 мыңнан астам бала дүниеге келеді. Сол себеп­ті­ алдағы он-он бес жылда­ жастардың үлесі еселеп артпақ. Есептеулер бо­йынша 2030 жылы елде – 5,9, 2036 жылы – 7, 2050 жылы 8 млн жас болады деген болжам бар. Демек біртіндеп еңбек нарығына шығатын жастардың саны артады. Биылдың өзінде шамамен 142 мың түлек жоғары оқу орнынан түлеп ұшқан. Ал 350 мың бала бірінші сыныпқа қабылданған. Сонда 2030 жылға қарай 2000 жылдан кейін туылған балалардың 80 пайызы еңбек нарығына келеді деген сөз. Сондықтан оларды болашақта толық жұмыспен қамту мәселесін қазірден саралап, жүйелеген жөн, – деді ол.

Жастардың жұмыссыз қалуы­ның алдын алу үшін еңбек нарығында сұранысқа ие сапалы мамандарды даяр­лау ісін жолға қою қажет. Өйткені еліміздегі колледж­дерде жыл сайын 130-140 мың студент оқу бітіргенімен олардың 77 па­йызы жұмыс табады да, 17,6-сы жеке кәсі­бін ашады. Ал 11 пайызы­ түрлі себепке байланыс­ты­ еңбекке араласа алмай қалады. Бір айта кетерлігі қызметке орна­лас­қандардың да көпшілігі өз мамандығы бойынша жұмысқа тұр­май­ды. Пікірталас ала­ңын­да сарапшылар 35-ке дейінгі азаматтар арасында еңбек қыз­ме­тіне арналған білім беру стан­дартының маңы­зы төмен­дегенін атап өтті.

– Еңбек нарығының қа­жет­­­тіліктері мен дипломы бар түлектердің арасында елеу­лі алшақтық бар. Биыл біз шама­­мен 1 500 жұмыс беруші ара­сында әлеуметтік сауалдама жүргіздік. Нәтижесінде, жұмыс берушілердің басым көпшілігі жаңа қызметкерді таңдарда нақты бір салада, дәл сол мамандық бойынша дипломның болуы маңызды емес екенін мойындады. Олар­­ды маманның тәжірибесі көбірек қызықтыратынын аңғар­дық. Бұл – парадокс.­ Өйткені «Оқу орнын енді тәмамдаған түлекте қандай тәжі­рибе болуы мүмкін?» деген сауал ойға оралады. Салдарынан жас маман­дар­дың қарым-қабілеті жұмыс беруші тарапынан төмен бағаланады. Яғни жұ­мыс беруші тәжірибесі жоқ маманға жоғары айлық төле­мейді, – деді «Еңбек ресурс­тарын дамыту орта­лы­ғы» АҚ Стратегия және үлкен деректерді талдау депар­та­ментінің бас сарапшысы Мадияр Алдияров.

Статистикаға сү­йен­сек, халқымыздың 27 пайызы – жастар. Мемлекет бас­шы­сының тапсырмасына сәйкес, қазіргі кезде олар­ды техникалық және кәсіп­тік бағытта білім алуға тарту мақсатында шәкіртақы көле­мі ұлғайтылып жатыр. Әрі қайтарымсыз гранттар мен жылдық мөлшерлемесі 2,5 пайыздық жеңілдетілген микро­кредиттер беру де қарастырылған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, бүгінде жалпы сомасы 21,3 млрд теңгеге 4 734 микрокредит беріліпті. Сондай-ақ биыл Көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасына сәйкес, азаматтарды еңбек күші тапшы өңірлерге көшіру тетігі қайта қаралды.

Соңғы жаңалықтар