Соның өзінде тұрақты тұтынушылары бар. Жуырда ағайынды кәсіпкерлердің жұмыс орнына барғанымызда, мүгедектігі бар жандардың табандылығына тәнті болдық.
Ильнар мен Ильдар – Павлодар қаласының тумасы. Дәрігерлер балалардың церебралды сал ауруына шалдыққанын жасқа толмай жатып анықтаған. Тағдырдың жазуына не шара, бастысы, ағайындылар – біріне-бірі қорған.
Қаладағы техника жөндейтін сауда нүктелерінің бірінен шағын орын сайлаған кәсіпкерлерге келімді-кетімді адам көп. Олардың басым көпшілігі Айтняковтарды бұрыннан таниды екен. Ильнар мен Ильдар Павлодардан елордаға 2017 жылы қоныс аударыпты. Бөтен қалаға келген соң, ә дегеннен жұмыс іздеуге кіріскен. Аз ғана уақытта бір емес, бірнеше мәрте жұмыс ауыстырыпты. Қалай ауыстырмасын, 70 мың теңге жалақы 120 мың теңгеге жалдаған пәтердің ақысын өтеуге де жетпейді.
«Өзім үйленгенмін, екі балам бар. Әйелім зағип. Үйде өзім табыс табамын. Ильдар мен анам қазір бізден бөлек тұрады. Алғаш Астанаға келгенімде бірнеше компанияда программист болып еңбек еттім. Бала кезден техникаға әуес болған соң, компьютерлік бағдарламаларда жұмыс істеу аса қиындық тудырмады. Негізі, Павлодарда бала жастан техникаларды шұқылап өстім. Уақыт өте компьютер жөндей бастадым. Бас қалаға көшіп келгенімізде де компьютер жөндейтін орталық ашу ойда болған. Бірақ бірден ашу мүмкін болмады. Іс қаражатқа келіп тірелді. Сөйте тұра араға жыл салып, бауырымыз екеуміз компьютер жөндейтін орынды жалға алып, іске кірісіп кеттік. Содан бері бірнеше жыл өте шықты. Шаруамыз шалқып, шарықтап кеттік деп айта алмаймыз. Сайлаған орнымыздың көлемі кіші боған соң, тек ноутбук жөндеп жүрміз. Иә, он шақты рет жұмыс орнымызды ауыстырып жүріп, тұрақты тұтынушы жинап үлгергеніміз рас. Алайда әлі күнге дейін қаладан жайлы орын таба алмай сабылып жүрміз», дейді Ильнар.
Кәсіпкерлер бастаған іс бірнеше жыл бәлендей нәтиже бермесе де, орта жолда қалмай, жалғастыруға ниеттеніп отыр. Себебі олар компьютерін бір жөндеткен тұтынушының, көмек қажет болса, қайта келетінін біледі. Қызмет көрсету саласындағы жұмыстың жай-жапсарынан хабары бар. Табанды жандар ниетіне, пейіліне қарай жуырда үйлі болыпты. Бір бөлмелі пәтерді қайырымды жандар ұсынған. Ол ол ма, таяуда Айтняковтар жергілікті әкімдіктен тағы бір қуанышты хабар естіген. Онысы – әкімдіктегілердің кәсіпкерлерге қолайлы орын сайлап береміз деген жауабы. Ильнар мен Ильдар сол күнді асыға күтіп жүргенін айтты.
«Бізге ұсынып отырған нысанның ауданы – 120 шаршы метр. Кең әрі қолайлы. Қолайлы дегенім, енді біз алға қойған басқа да жоспарларымызды іске асыра аламыз. Мысалы, бұрын кәсіпті бастағанымда өзім секілді мүгедектігі бар жандарды жұмысқа шақыруды ойлағанмын. Оларға қолымнан келетін істі үйретіп, барынша қолдау көрсетуге ниеттендім. Бәлкім, сол арманым енді орындалып қалар деп үміттенемін. Меніңше, мүгедектігі бар жандар үйде отырмай, қоғамға бейімделуі керек. Оларға жайлы орта қалыптастыруға қазір мемлекет те араласып жатыр ғой. Ерекше қабілетті жандар жігерленсе, еңбек етсе, жақсы. Сонда өмірдің мәнін жоғалтпайды», дейді кәсіпкер.
Орайлы сәтті пайдаланып, Ильнарға кәсіп бастау қиын ба деген сауал қойдық. Ол тосылмай, өз ісі жайында айтып берді.
«Кәсіпте бәсекелестер көп болады» деп бұрыннан еститінмін. Ал шын мәнісінде біз таңдаған бағытта да бәсеке жоғары екен. Әйткенмен, сапалы қызмет көрсететіндер саусақпен санарлық. Мысалы, біз қайта жөндеу тиімсіз ноутбуктерді бірден қабылдамай, егесіне ескертеміз. Ескіні жүз жөндегеннен жаңасын алуды ұсынатын кездер де болып тұрады. Өйткені жөндеуге кететін шығын техниканың нарықтағы құнының жартысына тең болуы мүмкін. Біз өз ісімізді білеміз ғой, ал тұтынушы одан хабарсыз. Сол бірді-екілі тапсырыстан пайда таппаспыз. Бірақ тұрақты тұтынушыдан айырылмаймыз. Бұзылған техниканы жөндеуге әуес жастарға айтарым, бұл кәсіп жылдан-жылға қалып бара жатыр. Тұтынушылар ескі ноутбукті жөндегеннен несиеге жаңасын алуды дұрыс көреді. Бір жағы олардың қадамы да дұрыс. Ол да тиімді. Әзірше біз барынша осы бағытта еңбек етуге тырысып жүрміз. Кей-кейде ашынасың. Ер-азамат болғасын шыдайсың. Ел қатарлы өмір сүруге тырысып жүрміз», деп сөзін түйіндеді Ильнар.
Ильнар мен Ильдар бір жылдары смартфондарды жөндеуге бекініпті. Алайда денсаулығына байланысты телефонның кішігірім бөлшектерін қалпына келтіру қиынның-қиыны екенін түйсінген. Смартфонның қыр-сырын білгенмен, іс жүзінде қолдан келмейтін шаруаға бел байлауға жүрексінген. «Әрбір істі тиянақты тындырмаған соң бәрі бекер», дейді кәсіпкердің өзі. Иә, әрбір тұтынушының алақанына салып алып келген аманатын аңдамай бүлдіріп алу дегенді ойлаудың өзі қиын.
Әңгіме барысында Ильнар кәсіпті кеңейтуге бел байлап отырғандарын айтқан еді. Талапты ағайындылар әзірге ноутбукпен қоса тұрмыстық техникаларды жөндеуге кірісуді көздеп отыр. Өздері ойлағандай, мүгедектігі бар азаматтарды жұмысқа шақырмақ ниетте. Кейін, ісі алға басып жатса, шағын да болса электроника дүкенін ашу ойда бар екен. Ал әзірше кәсіпкерлер жақын арада беріледі деген нысанды асыға күтіп жүр.