#Қазақстан

#Түркістан

#Мәдениет

#Тәуелсіздік30

#Руханижаңғыру

#Shymkent

#Covid-19

Редакция таңдауы

Еңбек адамының мәртебесін көтеру туралы бастама өте өзекті

Еліміздегі оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағы – еліміздегі ең байырғы, ең үлкен үкіметтік емес ұйым. Салалық кәсіподақ республика көлемінде сала қызметкерлерінің еңбек құқықтары мен кәсіби мүдделерін  қорғау бағытында ауқымды жұмыс жүргізіп келеді.

Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағы төрайымы Айгүл Мақсатқызы Мұқашевамен сұхбатымыз да осы төңіректе өрбіді.

— Жаңа Қазақстанда кәсіподақ қызметі қалай үйлестірілуде, толығырақ баяндасаңыз..

— 2022 жылғы 16 наурызда Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты халыққа  Жолдауын жариялады.

Жолдау елімізді әрі қарай дамытуға түрткі болды. Президент ұсынған саяси реформалар 5 маусымда өткен Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгертулер енгізу туралы референдумда халықтың үлкен қолдауына ие болды. Жаңғыртуға арналған бағытты еліміздегі барлық үкіметтік емес ұйымдар қолдады.

Еңбек етуші қоғам мүшелерінің мүдделерін танытатын кәсіподақтар да азаматтық қоғамның маңызды институттарының бірі. Жаңа жағдайда кәсіподақтар өзгеруі, олардың қоғамдық-саяси қатынастар жүйесіне енуі өзгеше болуы тиіс. Президент Қ.Тоқаевтың бастамаларын қолдау бағытында Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағы «Жаңа Қазақстан – Жаңа кәсіподақ» атты тұжырымдама қабылдады. Тұжырымдама салалық кәсіподақ қозғалысын жаңғыртудың негізгі бағыттарын анықтайды. Қазіргі таңда кәсіподақ пен оның өңірлердегі мүшелік ұйымдары осы маңызды құжатты жүзеге асыру бағытында үлкен жұмыстар жүргізіп жатыр.

— Кеңестік кезеңнен кәсіподақ жөнінде жаңажылдық сыйлықтар мен шипажайларға жолдама беретін ұйым деген түсінік қалыптасқан. Қазіргі таңдағы кәсіподақ нақты қандай жұмыс атқарады?

— Кәсіподақ тек жарна жинап, сыйлық үйлестіретін ғана емес,  заман ағымына сәйкес қызметі мен міндеті жаңғырған қауқарлы ұйым деп нық сеніммен айта аламын. Жалпы бүгінде еңбекке деген көзқарас өзгерді. Адам жұмысқа араласқанда,  оның жұмыс берушісі жұмыскерден өз міндеттерін сапалы орындауды талап етеді. Ал, жұмысшы құқығын қор­ғау, еңбек заңнамаларының сақ­та­луына қоғамдық бақылау жасау, еңбек қауіпсіздігін, жұмыс­шылар арасындағы тепе-теңдіктің сақталуын, жалақының уақтылы төленуін қамтамасыз ету секілді маңызды міндеттердің орындалуын қадағалау – кәсіподақтардың құзіретінде.

Рас, өкінішке қарай, кәсіподақ десе материалдық пайдамен байланысты кеңестік көзқарастағы пікір әлі бар. Қазіргі уақытта біздің міндетіміз – кәсіподақтардың үлкен құқықтық жұмыс жүргізіп жатқанын қоғамға жеткізу.

Құқықтық қорғау –  біздің жұмысымызда өте маңызды және негізгі фактор. Еңбек ұйымындағы адам құқықтық көмекті кез келген уақытта, міндетті түрде қажет етеді, өйткені қызметкердің бәрі де заңнамамен жақсы таныс емес. Біз құқықтық көмекті кәсіподақ мүшелерінің өтініштерінен немесе қоңырау шалудан бастап, шиеленісті шешуге дейін тегін, уақтылы және толық көлемде көрсетеміз. Біз барлық мәселені сотқа дейінгі тәртіппен шешуге тырысамыз, бірақ сотқа дейін жететін кездер де болады. Біздің байланыс телефондарымыз әрқашан қолжетімді, әлеуметтік желінің барлығында парақшаларымыз арқылы байланысқа шығу мүмкіндігі бар. Кез келген кәсіподақ мүшесі жұмыстан қол үзбей, біздің заңгерлерге жүгініп, өзінің мәселесін баяндап, жаза алады. Түсінікті болу үшін шағын статистика келтірейін. Өткен жылы кәсіподақ органдары республика бойынша барлығы 37 662 шағымды қарады. Оның 16 733 – еңбекке ақы төлеуге, 1 059 – еңбек шартын бұзуға, 1 541 – еңбек/ ұжымдық шарт талаптарын орындамауға, 1 042 – еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау, т.б. сұрақтарға байланысты.

Жеке еңбек дауларын шешу жөнінде көрсетілген құқықтық көмек 32 399 құрады. Еңбек заңнамасының орындалуын қоғамдық бақылау шеңберінде 4509 еңбек заңнамасының бұзылу дерегі анықталды. Кәсіподақ органдарының талаптары бойынша заңсыз жұмыстан шығарылған 17 адам жұмыс орындарына қайта орналастырылып, кәсіподақ мүшелеріне 1,1 млрд теңге мөлшерінде заңсыз ұсталған немесе төленбеген ақшалай қаражат қайтарылды.

– Бұл келтірілген деректердегі құқықбұзушылықтың себебі неде?

– Менің ойымша, құқықтық сауаттылыққа байланысты. Ол жұмыс берушілерге де, қызметкерлерге де қатысты. Жалпы қызметкерлермен бірге жұмыс берушілердің де заңды білуі маңызды. Еңбек кодексіндегі, Салалық/аумақтық келісімдердегі, ұжымдық шарттардағы нормалар қызметкерді де, басшыны да толық қорғауға мүмкіндік береді.

Салалық кәсіподақ Оқу ағарту, сондай-ақ Ғылым және жоғары білім министрліктерімен әлеуметтік әріптестікті дамыту бағытында жүйелі жұмыстарды жүзеге асырып келеді. Мұндай әріптестік білім беру саласының барлық деңгейінде дамыған. Біз сала қызметкерлерінің игілігі жолында әріптестік аясында бірлескен бастамаларды әрдайым қолдаймыз.

Қазіргі таңда білім және ғылым саласында еңбек жағдайлары, жұмыспен қамту және әлеуметтік кепілдіктер жөніндегі әлеуметтік әріптестік туралы  республикалық деңгейде 2 салалық, облыстық деңгейде – 17, қала-аудан деңгейінде 107 келісім жұмыс істеп тұр. 8 640 білім беру ұйымында Ұжымдық шарт жасалды. Ұжымдық шарт – кез келген ұжымның Конституциясы десек, аталған құжат қазіргі таңда елімізде 619 738  білім беру ұйымдарының қызметкерлері – кәсіподақ мүшелеріне қолданылады.

— Кәсіподақ мекеме басшыларына қолданыстағы заңнама шеңберінде барлық кемшіліктерді жоюға және лайықты еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге жақсы мүмкіндік береді, солай ма?

— Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев кәсіподақтарды еңбек адамының құқықтарын қорғау, оның лайықты тұрмыс сапасы мен жұмыс жағдайын қамтамасыз ету жолында мәртебелі миссия атқаратын аса маңызды заманауи қоғамдық институттың бірі деп бағалай отырып, кәсіподақтарға  әлеуметтік әріптестермен бірге еңбек қайшылықтарын реттеудің және қызметкерлердің заңды мүддесін қорғаудың өркениетті тәсілдерін белсенді пайдалануды жүктеді.

Расында, кәсіподақтардың арқасында қызметкерлердің әлеуметтік жеңілдіктері мен кепілдіктерінің көпшілігі сақталуда, педагог-қызметкерлердің әлеуетін арттыруға бағытталған бірқатар жұмыс жүзеге асырады. Кәсіподақ ұйымдарының игілігін кәсіподақ мүшелері пандемия кезеңінде толық сезінді десем артық айтпағандық болмас еді. Дәл осы сындарлы сағатта салалық ұйым жалақының лайықты деңгейін сақтауға, еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге, қызметкерлердің денсаулығына қамқорлық жасауға ерекше назар аударды.

Соңғы жаңалықтар