Қазақстанның Тұңғыш Президенті Қарағанды фармацевтикалық зауытында шығарылған «Спутник V» вакцинасының бірінші компонентін салдырды, — деп хабарлайды ADYM.KZ Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Вакцина алғаннан кейін Елбасы қазақстандықтарды санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік талаптарын сақтауға және белсенді түрде екпе салдыруға шақырды.
«Қазіргі уақытта Қазақстанда үш миллионға жуық адам вакцина салдырды. Бүгін мен де коронавирусқа қарсы вакцина алдым. Қазақстандықтарды белсенді түрде вакцина алуға, одан қорықпауға шақырамын. Әсіресе қазір вирустың жаңа штамы пайда болған кезде вакцина салғызудың маңызы ерекше. Бұл өз денсаулығымыз үшін керек. Біз күрделі уақытта өмір сүріп жатырмыз. Осы қиындықты бірлесіп еңсеруге тиіспіз. Баршаңызға шын жүректен мықты денсаулық пен бақ-береке тілеймін», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Айта кетейік, 2021 жылғы 25 маусымдағы мәлімет бойынша Қазақстанда вакцинаның I компонентін 2 997 072 адам, ал II компонентін 1 829 643 адам салдырды.