Грузияның Тбилиси қаласында Қазақстан азаматының денесі табылды. Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметі телеграм каналында ресми мәлімдеме жасады, деп жазады ADYM.KZ Egemen.kz басылымына сілтеме жасап.
Сыртқы істер министрлігінің айтуынша, Грузияның құқық қорғау органдары Елшілікке берген ақпаратқа сәйкес, осы жылғы 5 мамырда Тбилиси қаласындағы бір үйдің терезелерінің астынан Қазақстан азаматының денесі табылған.
«Алдын ала мәлімет бойынша, аталған қыз 9 қабаттан құлап мерт болған. Грузияның полициясы өзін-өзі өлтіру халіне жеткізу деген күдікпен қылмыстық іс қозғады. Полиция күдіктіні қамауға алды. Басқа ақпарат тергеу мүдделері үшін жария етілмейді», делінген хабарламада.
Сондай-ақ, ресми мәлімдемеде Грузиядағы Қазақстан Елшілігінің консулы марқұмның отбасымен үнемі байланыста екені де айтылған.
СІМ баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл іс Елшіліктің ерекше бақылауына алынды. Қазақтанның Сыртқы істер министрлігі ҚР азаматының денесін отанға жеткізуді ұйымдастыруда жан-жақты көмек көрсетуде.