Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев дамыған елдердегі қоғам мен элитаның бөлінуі туралы айтты. Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы дүние жүзі қырғи қабақ соғыстың екінші нұсқасы — идеологиялық шайқасқа қайта оралатынын айтты, — деп хабарлайды ADYM.KZ Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
«Бір жыл ішінде посткеңес елдерінде жаппай саяси толқулар, мемлекеттер арасындағы, Орталық Азиядағы, бүкіл үлкен өңірдегі соғысты көрдік. Барлық жерде тұрақсыздық.
Тіпті дамыған елдерде де қоғам мен элитаның бөлінуін байқадық. Сарапшылар пікірінше, әлем жаңа биполярлыққа бет бұрды. Бұл тек жекелеген салада емес, бәсекелестік пен даму моделінде де күрестің күшейгенін білдіреді. Шын мәнінде, біз қырғи қабақ соғыстың бір нұсқасы — идеологиялар шайқасына қайта ораламыз.
Біз осы жағдайда жылдар бойы құрған сыртқы саяси басымдықтарымызды сақтауымыз қажет», — деді Назарбаев.
Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы бүгінде Қазақстан басқа елдермен қатар қауіпсіз ортаға сапалы өзгерістер енгізу кезеңіне аяқ басқанын атап өтті.
«Біз мемлекет және біртұтас ұлт ретінде бетбұрыс кезеңіне келдік. Коронавирус пандемиясы көп өзгерістер әкелді. Бұл алдағы онжылдыққа әсер етеді. Қазірдің өзінде ұлттық қауіпсіздікте жаңа асимметриялық және гибридті қауіптер туындап жатыр», — деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы мен Қазақстан қоғамында ұлттық қауіпсіздіктің жаңа архитектурасын әзірлеу қажет екенін атап өтті.
Нұрсұлтан Назарбаев экономикалық, ақпараттық, киберқауіпсіздікті және әсіресе адам капиталының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударды.
«Нағыз қауіп — минералды-шикізат ресурсы бағасының құлдырауы емес, ұлттың зияткерлік әлеуеті сапасының төмендеу қаупі. Ең алдымен, бұл білімге қатысты. Бұл жерде біз дамыған елдерден әлі де артта қалып отырмыз. Білім беру таяудағы онжылдықта біздің ұлттық идеямызға айналуы керек», — деп атап өтті Елбасы.
Назарбаев әскери істе жаңа технологияларды енгізуді және қару-жарақ пен әскери техника өндірісіндегі технологиялық прогресті ескере отырып, Қарулы күштерді жетілдіру керегіне назар аударды.