Қызылордада УАЗ автокөлігі көлге батып, 4 адам көз жұмды. Бұл туралы ҚР ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәли айтты, — деп хабарлайды ADYM.KZ Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Қайғылы оқиға 8 желтоқсанда Қызылорда облысы Арал ауданында Қамыстыбас ауылынан 35 шақырым жердегі Қамбаш көлінде болған. Онда мұз ойылып, УАЗ көлігі суға кеткен.
«Көлікте 7 адам болған. Оның үшеуі көліктен өз күшімен шықты. Құтқарушылар суға батып кеткен 1985, 1981, 1994, 1973 жылы туған 4 адамды іздестірді. Бірақ түнгі уақытта іздестіру жұмыстары тоқтатылды.
9 желтоқсанда таңертең іздеу жұмыстары жалғастырылды.
7 метр тереңдікте (мұздың қалыңдығы 25 сантиметр) УАЗ автокөлігі табылды. Көліктің ішінде қаза тапқан жолаушыдарың денесі болған», — делінген хабарламада.
«Іздестіру жұмысына Қызылорда облысы ТЖ департаментінің, полиция департаментінің, жергілікті атқарушы органдардың күштері мен құралдары және жолаушылардың туыстары (27 адам, 7 бірлік техника) жұмылды», — делінген ТЖМ хабарламасында.