Жамбылдық полицейлер карантин кезінде ұйымдастырылған салтанатты беташар үйлену тойын өткізу дерегін анықтады, – деп хабарлайды ADYM.KZ
Жамбыл облысының полиция қызметкерлері Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қолданыстағы Қаулысының талаптарын орындау бойынша жұмыстарын жалғастыруда. Карантин режимі кезеңінде бетперделік режимді және әлеуметтік қашықтықты сақтамай, отбасылық, еске алу жоралғыларын және көптеген адамдар жиналатын басқа да мерекелік іс-шараларды ұйымдастыруға тыйым салу бойынша рейдтік іс-шаралар жалғасуда. Мәселен, Тараз қалалық Полиция басқармасының қызметкерлері мобильді топпен бірлесіп, 40-тан астам қонақ шақырылған қала тұрғынының салтанатты беташар үйлену тойын өткізу дерегін анықтады. Полиция қызметкерлері карантин бұзушылармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, вирус жұқтыру қаупі төніп тұрған шақта туыстары мен жақындарының денсаулығын сақтау қажеттігі, сондай-ақ осындай көпшілік іс-шараларға жол бермеу туралы ескертті. Іс-шараны ұйымдастырушыға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы (Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтерді бұзу) бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Жиналған материалдар заңды шешім қабылдау үшін Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына жолданды.