Өскемен мен Семейде қала тұрғындары ПТР талдауын уақытылы тапсыра алмауда деген ақпараттың таралуына байланысты ШҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Талғат Тұңғышбаев қалыптасқан жағдайға түсініктеме берді.
Тұңғышбаевтың айтуынша, аталған жағдай 2 қараша күні сағат 12.00-ге дейін орын алған, алайда департаменттің іс-қимылының арқасында проблема жойылып, талдауларды тапсыру кезегі қысқарған.
– Қазір кезек жоқ, бірақ мұндай жағдайлардың алдын алу үшін біз зертханаларға материалдарды жинаудың қосымша пункттерін ашуды тапсырдық. Сондай-ақ, азаматтарымызды барлық белгіленген санитарлық шараларды сақтауға және талдауды алдын ала, 72 сағат ішінде тапсыруға шақырамын, — деді Талғат Тұңғышбаев.
Ертеңнен бастап «Облыстық репродуктивті медицина орталығы» мен «InVitro+» COVID-19-ға тестілеу үшін қосымша материал жинау пункттерін ашады.
Шығыс Қазақстан облысының аумағында жалпы қуаты тәулігіне 7000-нан астам зерттеу жүргізетін, барлығы 10 зертхана жұмыс істейді.
Облыс бойынша үдемелі қорытындымен 300 мыңға жуық зерттеу жүргізілді. Қазіргі уақытта тәулігіне орта есеппен 2000-2200 зерттеу жүргізілуде.