Шымкент қаласында жыл басынан бері атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың 1-6 жас аралығындағы балаларына 240 мың кепілдендірілген әлеуметтік топтама таратылған. Жыл соңына дейін бұл мақсатқа қаралған қаражат тиісті бағытта жұмасалатын болады. Кепілдендірілген әлеуметтік пакеттер «Магнум» ЖШС төрт сауда орталығынан беріледі. Осы жылдың 9 айында 28 000-ға жуық отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған.
Бүгін Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Бауыржан Мамыталиевтің төрағалығымен кепілдендірілген әлеуметтік пакеттердің сапасын бақылау бойынша жиын өтті. Басқосуға мәслихат депутаттары, аудан әкімдерінің орынбасарлары, басқарма басшылары, Кәсіпкерлер палатасының өкілдері, «Магнум» ЖШС аймақтық директоры қатысты.
Жиында Б.Мамыталиев жауапты тұлғаларға кепілдендірілген әлеуметтік жиынтықтарды таратуды сапалы ұйымдастыру, азық-түліктер мен тұрмыстық химиялардың сапасын қадағалауды тапсырды.
– Мұқтаж отбасыларға кепілдендірілген әлеуметтік көмектермен қамту мақсатына қаралған бюджет қаражатын тиімді игеруде тиісті шараларды күшейту керек, – деді қала әкімінің орынбасары.
Бауыржан Жаймұрзынұлы осы мақсатта аталған мемлекеттік қолдауды ұйымдастыруға жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді. Сонымен қатар, жиында мәслихат депутаттары кепілдендірілген әлеуметтік топтаманы сапалы таратуда, жиынтықтардың сапасын көтеру бойынща өз ұсыныстарын жеткізді.