ТҚЖБ мен BI Group бірлесіп тұрғын үйді алудың жаңа бағдарламасын іске қосты, деп хабарлайды ADYM.KZ baq.kz сайтына сілтеме жасап.
Қосымша кепілсіз, сонымен қатар төмендетілген 36% бастапқы жарнамен нарықтан пәтер алуға болады. Оның жылдық мөлшерлемесі 7% (ЖТСМ 7,4%-тен) және ТҚЖБ-нің заңнамасына сәйкес несие проценті болашақта төмендетіліп отырады. Яғни бастапқы кезде 7%-пен алса, кейін оның мөлшерін 4-6%-ке түсіруге мүмкіндік бар.
Осы жылы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің құрылғанына 17 жыл толды. Әр тоғызыншы қазақстандық банктің салымшысы. Тек қана осы 2020 жылдың өзінде 377 мың салым ашып, клиенттер жеңілдетілген шартпен несие алып, қоныс тойын тойлауға әрекеттерін жасап жатыр. Күніне 250-ге жуық жеңілдетілген шартпен несие беріп жатырмыз. Айта кету керек, әлі де болса жеңілдетілген шартпен несие алуға сұраныс өте жоғары. Себебі клиенттерден күнделікті өтініштер, сұраныстар түсіп жатады. Көптеген себепке байланысты азаматтар жеңілдетілген мемлекеттік бағдарламаларға қатыса алмайды. Осыны ескеріп, ТҚЖБ мен BI Group компаниялары жаңа бағдарлама жасады. Жаңа бағдарламаның шарттарына сәйкес алғашқы жарнаны 36%-ке дейін түсірдік. Енді жеңілдетілген шартпен несие алып, азаматтардың үй алуына жағдай жасап жатырмыз. Бұл тек қана жеңілдетілген шартпен несие алу ғана емес, сонымен қатар отбасының бюджетіне түсетін салмақты азайтып тұр, — деп атап өтті «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Орталық филиалының директоры Жансұлтан Матаев.
Айта кетейік, жаңа ипотекаға өтініштер қабылдау осы жылдың 2 қарашасынан басталады.
Сонымен қатар, BI Finance басшысы Нұрлан Оңғарбаев жаңа бағдарламаның ерекшеліктері туралы айта кетті.
Бүгін біз ТҚЖБ әріптестерімізбен бірге тұрғын үйді сатып алу үшін тағы да бір қадам жасадық. Бұл бағдарламаның негізгі ерекшелігі — бастапқы жарнаның 50%-тен 36%-ке дейін төмендеуі. Яғни біз клиенттердің 50%-ке дейін бастапқы жарнаны жинауын күтпей, тұрғын үйді қолжетімді процентпен сатып алуға мүмкіндік беріп отырмыз. Біздің сараптарымызға сәйкес, тек елордада 12 мыңнан астам адамның 35% көлемінде жинақтары бар. Осы азаматтар жаңа бағдарлама бойынша пәтер салып алуға мүмкіндіктері бар. Азаматтар үйді сату бөлімдеріне келіп, пәтерді таңдап, 15 минут ішінде банктің шешімін алып, пәтер ала алады. Бұл процесс өте жеңіл, — деді ол.