Түркістан қаласының полиция басқармасына 30-дан асқан жергілікті тұрғын әйел арызданып, 14 жасар қызының із-түссіз жоғалып, табылмай жатқандығын хабарлаған.
Алғашқыда қызды өздіктерінен туыстарының үйінен іздеп, табамыз деп ата-анасы әрекеттенген. Ақыры нәтиже шықпағаннан соң, полиция қызметкерлерінің көмегіне жүгінген.
Аталған жайтты бірден тіркеуге алған полиция қызметкерлері 8-сынып оқушысын табу үшін учаскелік полицейлер мен жедел уәкілдерді тартады. Олар жоғалған қызды тез арада табу мақсатында такси жүргізушілерінен, көріп немесе білуі мүмкін деген адамдардан сұрастыру жұмыстарын жүргізеді. Сонымен қатар, қыздың әлеуметтік желідегі парақшаларына арнайы мамандар арқылы шығып, қыздың жүрген жерін топшылайды.
Осындай жедел шаралардың арқасында өз істеріне мұқият кіріскен түркістандық полицейлер қыздың әлеуметтік желіде жігітпен танысып, Шымкент қаласына өз еркімен қыдырып кеткендігін анықтады. Тәртіп сақшылары қызды мегаполистен тауып, аман-есен үйіне жеткізді. Қуаныштан көздеріне жас алған анасы мен әкесі қыздарының дін аман табылғанына қуанып, полицейлерге ерекше алғыстарын жеткізді.