Шымкентте әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиында негізінен әлеуметтік шиеленістердің алдын алу және әлеуметтік-еңбек жанжалдарын шешу, Әділет департаментінің және Шымкент қаласы бойынша жеке сот орындаушы өңірлік палатасының жалақы қарызы бойынша атқарған жұмыстары талқыланды.
Сондай-ақ, «Еңбек күні» мерекесін атап өту және «Үздік еңбек әулеті», «Өндірістің үздік жас маманы» және «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» номинацияларына үміткерлер анықталды.
Комиссияның кезекті отырысына Шымкент қаласы әкімінің орынбасары М.Исахов, «Шымкент қаласының «Кәсіподақтар орталығы» Аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасы Б.Бекжанов, Шымкент қаласының мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Б.Қалжанов, Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысы Б.Дүйсебеков қатысты.
Басқосуда Шымкент қаласының мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Б.Қалжанов, Шымкент қаласының Әділет департаменті басшысының орынбасары О.Тастанов, Шымкент қаласы бойынша жеке сот орындаушы өңірлік палатасының мамандары Б.Жәнібеков және Н.Өткелбаев, «Отау Строй» ЖШС-нің, «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің және «Шымкентмай» АҚ-ның өкілдері атқарылған жұмыстар жөнінде баяндама жасады.
Сондай-ақ, жиында комиссия төрағасы, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары М.Исахов «Еңбек күні» мерекесіне орай жұмысшылар мен еңбек династияларын құттықтап, республикалық байқауға қатысатын үміткерлерді марапаттады.
– Елімізде қыркүйек айының соңғы жексенбісі «Еңбек күні» мерекесі болып белгіленген. Биыл атаулы мереке елімізде жетінші рет аталып өтуде. Ондағы мақсат – өнімді еңбекті ынталандыру, жастар арасында жұмысшы кәсібін насихаттау мен жұмысшы әулеттерінің көпжылдық дәстүрлерін нығайту. Қаламызда ұрпақтан-ұрпаққа отбасылық құндылықтарды жеткізіп, жоғары кәсіби мамандар әзірлеуге зор үлес қосып отырған еңбек әулеттері жетерлік, – деді қала әкімінің орынбасары.
Биылғы «Еңбек жолы» республикалық байқауына қатысуға үміткерлер анықталып отыр. Атап айтқанда, «Үздік еңбек әулеті» номинациясына –Тоқтарбай Көкеев, «Өндірістің үздік жас маманы» номинациясына – Нұрлыбек Бостанов және «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» номинациясына – Кудретулла Зубайраев лайық деп танылды.