Қызылорда облысының делегациясы «Тауарлық балық (акваөсіру) шаруашлығын дамыту мүмкіндіктері» туралы тәжірибе алмасу семинары аясында Түркістан облысының Келес ауданында болды.
Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Бахыт Жаханов бастаған делегация мен балық шаруашылығымен айналысатын бір топ кәсіпкерлер ауданда орналасқан «Көшім» шаруақожалығының бүгінгі жағдайымен танысты.
Бүгінде Келес ауданында 4 ірі шаруашылық балық шаруашылығымен айналысады. Соның бірі – «Көшім» шаруа қожалығы. Балық өсіріп, етін өндіру кәсібін осыдан бір жыл бұрын бастаған «Көшім» шаруа қожалығының жер аумағы 100 гектарды құрайды. Жылына 400 тонна өнім алу қуаттылығы бар. Аз уақыт ішінде бұл істі барынша меңгеріп, кәсібін дөңгелеткен қожалықтың жетістігіне көрші облыс өкілдері қызуғышылық танытты.
Қызылордалықтардың айтуынша, Арал теңізінің суы тартылып, балықтың табиғи өнімі бұрынғыдан азайған. Сол себепті алдағы уақытта балық өнімдерін өздері қолдан өсіріп, көлге жіберу техналогиясын меңгеруді қолға алмақ.
«Түркістан облысында 5 мың тоннадан астам балық өндіріледі екен. Облыс аумағындағы кәсіпкерлік нысандарды аралап көрдік. Мұнда келуіміздегі мақсатымыз – ауылшаруашылығы саласында сіздерде енгізіліп жатқан жобаларды көріп, өзімізге тәжірибе алмасуды жөн санадық. Сондықтан облысымыздағы ірі балық сататын кәсіпкерлерімізді сіздер жақтың шаруаларымен тәжірибе алмасу мақсатында алып келіп отырмыз. Алдағы уақытта бір-бірімізбен тәжірибе алмасып, үйренеріміз көп. Шаруаларға қашанда көмектесуге дайынбыз», – деді Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Бахыт Жаханов.