Түркістан облысы, Мақтаарал ауданының 21 жастағы тұрғыны коронавирус инфекциясының симптомсыз түрімен дәрігерлер бақылауында болған. Жетісай аудандық орталық ауруханаға жүктілігіне қарай жағдайы күрт нашарлап жеткізілген. Дәрігерлер ана мен бала өміріне де қауіп төнгенін айтады. Дер кезінде жасалған шұғыл медициналық көмектің арқасында жүкті әйел салмағы 3,2 келі дені сау ұл баланы дүниеге әкелді, деп хабарлайды Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.
«Келіншектің бұл тұңғыш сәбиі. Есепке алынып, үй жағдайында бақылауда тұратын келіншектің жағдайына қарай әрекет жасап, аман-есен босандырып алдық. Қазірде сәбидің де, анасының да жағдайы қанағаттанарлық»,-дейді «Жетісай» аудандық ауруханасы перзентхана бөлімінің меңгерушісі Айнагүл Әміреева.
Әлемдік деңгейде қауіп төндіріп, адамзат баласының алдын ораған ауруға байланысты жарияланған төтенше жағдай мен карантиндік режимге қарамастан дәрігерлердің кәсібилігінің нәтижесінде жыл басынан бері Жетісай аудандық перзентханасында 2800 сәби дүниеге келген. Олардың 50-і егіз болса, 400-ге жуығы ота арқылы туылған. Бүгінде барлығының денсаулығы жақсы.