Қазақстандық әскери дәрігерлер зардап шеккендерге көмек көрсету үшін Ливанға аттанды. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министріне Ливанға әскери медицина мамандарын жіберу туралы мәселені шешуді тапсырды. «7 тамызда ҚР Президенті – Жоғарғы Бас Қолбасшының тапсырмасын орындау мақсатында ҚР Қарулы Күштерінің жеке құрамының арасынан құралған 29 медицина маманы мен 4 аудармашы бар топ Нұр-Сұлтан-Ақтау бағыты бойынша ұшты. 8 тамыз күні таңертең Бейрут портында жарылыс салдарынан зардап шеккендерге медициналық көмек көрсету үшін ҚР ҚК Әуе қорғаныс күштері әскери-транспорттық авиация ұшағы Ақтау — Бейрут бағыты бойынша ұшты», — делінген ведомство хабарламасында.
Қазақстан Республикасындағы Covid-19-бен байланысты жағдайды ескере отырып, топ құрамына инфекционист және терапевт дәрігерлер қосылмады. «Топ құрамына жоғары білікті хирургтер, травматологтар, нейрохирургтер, анестезиолог-реаниматологтар, сондай-ақ хирургиялық бейіндегі орта медициналық персоналдар бар. Олардың көпшілігі ағылшын тілін жетік меңгерген. Әскери медицина қызметкерлерінің мақсаты — зардап шеккендерге білікті медициналық көмек көрсету», — деп атап өтілген министрлік мәліметінде.