Қауіпті індеттің алдын алу және адамдардың өмірін арашалауда жанкешті еңбек етіп, көз жұмған шымкенттік 9 дәрігер мемлекеттік орденмен наградталды.
Бүгін қала әкімі Мұрат Әйтенов, қала мәслихатының хатшысы Ғани Ташқараев өз міндетін абыроймен атқару барысында қайтыс болған дәрігерлердің үйіне барды.
Сондай жанның бірі — медицина саласына қырық жыл ғұмырын арнаған, «№ 1 Қалалық емхана» ШЖҚ МКК терапия бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарған Ағзипа Тажденова. Ағзипа Насырқызы еңбек жолында абыройлы қызмет еткен, 20 мыңдай науқасты емдеген дәрігер. 3 қыз тарбиелеп өсірген ардақты ана.
Мұрат Дүйсенбекұлы отбасына көңіл айтып, I — дәрежелі «Барыс» орденін дәрігердің жолдасына табыс етті.
– Дүниеден өткен дәрігерлеріміздің еңбегі өлшеусіз. Біз олардың ерлігін ешқашан ұмытпаймыз. Әрбірі батыр деген атқа лайық. Әрбір отбасыға әкімдік тарапынан барлық көмек жасалады, — деді қала әкімі.
Сондай-ақ, қала басшысы Гаухар Бәйменованың отбасына да арнайы барып, көңіл айтты. №1 қалалық клиникалық аурухана МКК-ның аға медбикесі Гаухар Аштайқызы «Құрмет» орденімен наградталды.
Сондай-ақ, «Шымкент — қайырымды қала» қорынан қайтыс болған дәрігерлердің отбасына 1 млн теңгеден қаржылай көмек көрсетілді.
Мемлекеттік награда табысталған дәрігерлер:
І-дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталған:
Тажденова Ағзипа Насырқызы — «№ 1 Қалалық емхана» ШЖҚ МКК терапия бөлімінің меңгерушісі
«Құрмет» орденімен марапатталғандар:
— Күрекбаева Бауыржан Ордабекұлы — «Қалалық диагностикалық орталық» МКК-ның дәрігері
— Мамаев Хасым Махмудович — «Қалалық диагностикалық орталық» МКК-ның дәрігері
— Мәлібеков Жәнібек Жұмашұлы — «№1 қалалық клиникалық аурухана» МКК-ның дәрігері
— Әлмаханова Қафиза Батырханқызы – «№8 қалалық емхана» МКК-ның аға медбикесі
— Байменова Гаухар Аштайқызы — «№1 қалалық клиникалық аурухана» МКК-ның аға медбикесі
— Әуелбаев Тимур Айдарханұлы — «Жедел медициналық жәрдем станциясы» МКК фельдшері
Парасат» орденімен марапатталған:
Абдикулова Мариям Қабылбекқызы – «№1 қалалық клиникалық аурухана» МКК-ның бөлім меңгерушісі
ІІІ-дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталған:
Садиев Орынбасар Алипбекұлы — «№1 қалалық клиникалық аурухана» МКК-ның бөлім меңгерушісі.