Үшінші мегаполисте ұлттық бірыңғай тестілеудің екі күнгі нәтижесі бойынша орташа бал 48,9% құрады, қалалық білім басқармасының баспасөз қызметі.
Шымшаһарда ұлттық тестілеу талаптарын бұзған 94 оқушы шеттетілген. Оның ішінде, 71 талапкер ғимаратқа тыйым салынған заттар алып кірмек болған. Ал қалғандары тәртіп бұзғаны үшін аудиториядан шығарылды.
Екі күнде білім сынағына жалпы 24 мектептің оқушылары қатыстырылған. Шекті деңгейден өткендердің орта балы 73 пайызды құраса, ең жоғары ұпай 137 болды. Тестілеудің алғашқы күнінде-ақ А.Байтұрсынов атындағы №50 мектеп-гимназиясының түлегі Абдуғани Аделина Арманқызы ең жоғары ұпайды еншілеген.
Айта кетейік, ұлттық бірыңғай тестілеудің нақты нәтижесі тамыз айының соңында белгілі болады. 25 тамызға дейін барлық тестілеу барысындағы бейнежазбаларға арнайы бағдарламаның көмегімен талдау жүргізеді. Бұл ретте егер тестілеу барысында тест тапсырушы тыйым салынған заттарды пайдаланғаны анықталған жағдайда, олардың нәтижелері жойылады. Соған орай, егер ол мемлекеттік білім беру грантының иегері болса, онда грант нәтижесі де жойылуы мүмкін.