#Қазақстан

#Түркістан

#Мәдениет

#Тәуелсіздік30

#Руханижаңғыру

#Shymkent

#Covid-19

Редакция таңдауы

Түркістанға Өзбекстаннан гуманитарлық көмек келді

Бүгін Түркістан қаласына Өзбекстаннан үш жүк көлігіне тиелген гуманитарлық көмек келді.

Бүгін Түркістан қаласына Өзбекстаннан үш жүк көлігіне тиелген гуманитарлық көмек келді. Өзбекстан Республикасының Президенті Ш.Мирзиёевтің тапсырмасы аясында жіберілген керуенді Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов бастаған топ қарсы алды.

Арнайы шараға қатысқан Өзбекстанның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі С.Ниязходжаев сын сағаттарда бауырлас елдер бір-біріне қолдау білдіру қажеттігін айтты. Оның сөзінше, көмек керуенінде 150 мың медициналық бетперде, 2500 қорғаныс киімі, 150 мың медициналық қолғап, 1000 термометр және 440 кереует бар. Көрші елден келген көмекке облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов алғыс айтып, ризашылығын білдірді. Аталған көмек алдағы уақытта Түркістан облысының барлық медициналық мекемелеріне үлестірілмек. Айта кетейік, бұған дейін су тасқыны орын алған Мақтаарал ауданына да Өзбекстаннан көмек қолы жеткен болатын. Көрші елдің азаматтары елдімекендерде су сору жұмыстарын жүргізіп, аумақты күл-қоқыстардан тазартқан болатын.

Су тасқынынан зардап шеккен ауылдардың әр тұрғынына 100 мың теңгеден төленеді, деп хабарлайды «Хабар 24». Түркістан облысы әкімінің ұсынысы бойынша Мемлекеттік комиссия осындай шешім қабылдады. Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары Роман Скляр бастаған Үкіметтік комиссия су басқан аймаққа барып, жергілікті жұрттың жағдайын біліп, адамдармен жүздесті.

Сосын өзбек әріптестерімен бірлесіп, Өргебас және Фирдоуси ауылдарына барды. Қазір көрші елден 100-ден аса арнайы техника мен 200 адам жеткізілді. Олардың арасында гидротехника мамандары да бар. Мырзакент төңірегінде Достық, Жаңа тұрмыс және Жеңіс ауылдарының тұрғындары қоныс аударатын жаңа шағын аудан бой көтереді. Тұрғын үй алабына барлық коммуникация желісі жүргізіліп, балабақшалар мен мектептер салынады. Ал Фирдоуси мен Өргебас ауылының тұрғындарына облыс әкімі үш түрлі ұсыныс айтты. Яғни тұрғындар басқа елді мекендерге көшеді немесе су басқан үйлерін қалпына келтіруге келіседі.

Егер үйін өз еркімен жөндеуге ниет танытса, тиісті қаражаты аударылады. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен мал ұстаушылардың шығындарын өтеу мәселесі де шешілді. Шығын үкіметтік резервтен өтелетін болады.

Ауыл шаруашылығы несиелері бойынша фермерлерге төлемдерді кейінге қалдыруға мүмкіндік беріледі. Ғылыми-зерттеу институты тарапынан биыл қандай дақылдарды отырғызуға болатыны туралы ұсыныстар айтылады.

Соңғы жаңалықтар