Түркістан қаласында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес арнаулы жиынға шақырылған әскери міндеттілер жұмысы аяқталды. Естеріңізде болса, бұл шараға облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов та қатысқан болатын. Қиын сәтте елмен, халықпен бірге екендіктерін көрсеткен әскерилер блок-бекеттерде тәртіпті күшейтіп, залалсыздандыру жұмыстарына атсалысты. Қалалық полиция өкілдерімен бірге мөлтек аудандарда патрульдік қызмет атқарды.
Осы орайда, арнайы жиынның аяқталуымен облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов құттықтап, облыс басшысының алғыс хатын табыстады.
«Түркістан облысы аумақтық қорғаныс бригадасы басшылығы мен әскери қызметкерлері облыс орталығында блокпосттарды күшейту және патрульдеу жұмыстарын жүргізді. Арнайы жиын бір ай ішінде ауқымды жұмыстар атқарды. Атап айтқанда, Мақтаарал ауданында болған техногенді сипаттағы төтенше жағдайдың салдарын жою үшін тартылған Мақтаарал, Жетісай, Сарыағаш, Келес, Шардара аудандарындағы бөлімшелерінің сарбаздары ерлікпен әскери қызметін атқарды. Жиын кезінде, әрқайсыңыз жанқиярлық пен әскери дисциплинаның үлгісі болдыңыздар», деген облыс әкімінің орынбасары, бірқатар жауынгерлерге ҚР Қорғаныс министрі, генерал-лейтенант Н. Ермекбаевтың арнайы грамотасын, Оңтүстік өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы, генерал-майор К. Каракуловтың алғыс хатын табыстады.
Жалпы, Түркістан облысы бойынша 230 әскери міндетті тіркелген,. оның 50-і Түркістан қаласына жұмылдырылды. Оларға тұрақты жұмысында берілетін жалақы мөлшері өзгеріссіз беріліп отырды. Ал, жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар 42500 теңге көлемінде айлық алған.