#Қазақстан

#Түркістан

#Мәдениет

#Тәуелсіздік30

#Руханижаңғыру

#Shymkent

#Covid-19

Редакция таңдауы

Агросектордың орталығына айналады

Жылыжайлардың мекені саналатын Түркістан облысы мен шырайлы Шымшаһардың ерте қимылдаған шаруақорлары әне-міне дегенше қырыққабатын қырқып, қияры мен қызанағын үзіп базарға шығара бастады.

Тәж вирусының күн өткен сайын ел аумағына тарала түсуі көктемгі дала жұмыстарына, агросекторға кедергі келтіріп жатқаны жасырын емес. Осы түйткілді түйінді ескерген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев карантин енгізілген өңірлерде сақтық шара­ларын күшейте отырып, ауыл шаруа­шылығы саласына баса назар аудару­ды тапсырды. Күні таңмен күлімдеп, жері ерте оянатын күнгей өлкеде қазір нағыз белді буып, кетпен шабатын кезең. Енді кешіксе несібесін Жер-ана­дан айырып отырған шаруаларға үлкен шығын болмақ. Жылыжайлардың мекені саналатын Түркістан облысы мен шырайлы Шымшаһардың ерте қимылдаған шаруақорлары әне-міне дегенше қырыққабатын қырқып, қияры мен қызанағын үзіп базарға шығара бастады.

Әу баста темірдей тәртіпке көшкен қалада «дайын өнімді тасымалдау мен сау­далауда кедергіге ұшырамаймыз ба?», деп алаң көңіл болған-ды. Бұл мәселе де оңтайлы шешілді. Шаруашылықпен айналысатын азаматтардың жұмыс орнына еркін барып-келуіне жергілікті билік тарапынан еркіндік берілді.

Тіпті Президенттің тапсырмасымен мамыр айында «Егістіктен тікелей сау­да орнына» атты арнайы жоба жүзеге асырылмақ. Жобаға сәйкес шаһарда бірнеше сауда орталығы құрылады. Онда ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер тауарларын делдалсыз сау­да­лайды. Бұл жергілікті нарықта әлеу­меттік азық-түлік өнімдерінің бағасын арзандатуға септігін тигізері анық.

Осы мақсатта қалалық ауыл шаруа­шылығы басқармасы аталған жобаны жүзеге асыру үшін Түркістан облысының тиісті сала басшылығымен екіжақты келісімге келген. Ұтымды жоба аясында әлеуметтік дүкендердің жұмысы қайта қолға алынып, жұртшылық жергілікті өнімді көптеп тұтынбақ. Бағасы да қара халықтың қалтасына салмақ түсірмейді.

Жылда өңір шаруаларының басын ауыртып, ұйқысын қашыратын бір уайымы бар еді. Бұл – алатақиялы ағайынның ерте піскен ауыл шаруа­шылығы өнімдерінің арзан бағада ел нарығын енуі. Сал­дары­нан жергілікті өңірден шыққан өнім­дер нарықта құнсызданды.

Биыл коронавирус пандемиясына байланысты шеттен кіретін өнімдердің де көлемі азаятыны белгілі. Бұл жылыжайы бар оңтүстік тұрғындарына үлкен үміт сыйлап отыр. Ендігісі, жерге тасталған дәннің жемісін шашпай-төкпей жинап алу, ел аумағына еркін саудалау.

Қазір қаланың іргесіндегі ауылдарда көктемгі дала жұмыстары қызу жүріп жатыр. Шыны керек, бастапқыда Шымкентке кіреберіс жолдардағы ба­қылау-өткізу бекеттерінде шаруа­лардың кіріп-шығу мәселесі қиын болған.

Қалалық ауыл шаруашылығы басқар­масының басшысы Асқар Қаныбеков бұл мәселе оңтайлы шешім тап­қанын айтады. Яғни шаруалар бақылау-өткізу бекеттерінен кедергісіз өтуде. Бір ғана мысал, Шұбарсу елді ме­кенінің диқандарына қаланың әуежай ма­ңын­дағы егістік жерлеріне тиісті құжат­тардың көмегімен өтуге рұқсат берілген.

Анығында, төтенше жағдай кезінде мемлекет тарапынан шаруаларға қол­дау арта түсуде. Бұрын жанар-жағар­май­дың литрі 174 теңге болса, бү­гін­де 160 теңгеге арзандатылды. Мега­полистің шаруа қожалықтарына 1250 тонна дизель отыны бөлінген. Ол қажеттілікті өтеуге толық жетеді, дейді мамандар. Қазіргі таңда диқандар дизель отынын алу үшін Qoldau.kz порталына тіркеліп, өтініш беруде. Бұл да болса қыстан қысылып шыққан қауымға қолдау.

Шаһарда көктемгі дала жұмыстарын атқаруда техника жетіспеушілігі де оң шешімін тапқан. Тұқым сатып алу, тех­ника жалдау үшін шаруаларға 5 па­йыздық мөлшерлемемен 500 млн теңге көлемінде арзандатылған несие беру қарастырылыпты.

Шаһар басшысы Мұрат Әйтенов Шымкенттің табиғи-ресурстық әлеуетін тиімді пайдалануға көшкен сыңайлы. Карантин деп қымтана бермей, бірден іске кірісті. Биыл бірінші кезекте ауыл шаруашылығы саласында үлкен жоспарларды іске асыруды мақсат тұтып отыр.

Мәселен, осы жылы егістік көлемі өткен жылмен салыстырғанда 1 мың гектарға артып, жалпы 27,6 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілмек. Жоспар бойынша биыл 9 мың гектарға дәнді дақылдар, 2,8 мың гектарға майлы дақылдар, 1,5 мың гектарға көкөніс пен бақша, 0,1 мың гектарға картоп, 3,2 мың гектарға мал азықтық дақылдар егу межеленуде. Бұл тек үшінші мегаполис­ты ғана емес, көршілес облыстар мен рес­публикалық қалаларды да ерте пісетін жеміс-көкөніспен қамдайтыны сөзсіз.

Өнімділікті арттыру үшін минералды тыңайтқыштар құнын субсидиялауға 105,1 млн теңге қаралыпты. Бүгінде шаруалардың алды субсидия қаражатын ала бастады.

Жылыжайдан жиған-терген мол болмақ

Тоқымдай жерден тонналап өнім алып жатқан ағайынды көрсе, «шым­кенттік» деп қағытатындар бар. Әрине еңбекқорлыққа берілген бұл бағаны ағайын дұрыс қабылдайды. «Болдым, толдым», деп тоқмейілсімейді. Жылыжайын кеңейтіп, заманауи технологияның қыр-сырын меңгеруге ұмтылады. Ал таңнан қара кешке дейін бейнет кешкен диқанға мемлекеттік көмек берілсе, жылыжайының басында түнемей ме?

Биыл өңірдегі жер емген шаруалар үшін табысты жыл болмақ. Себебі жылыжайға басымдық беріледі. Алдағы бірер жылда Шымкент маңайында жылыжай шаруашылығы дамиды. Бұл тура­­лы қала әкімі Мұрат Әйтенов жер­гі­лікті шаруалармен жүздесуінде айтып өтті.

Ауыл шаруашылығы басқармасының дерегіне сүйенсек, мегаполисте 183,5 гектар жылыжай бар. Биыл оның көлемін қосымша 30 гектарға ұлғайту көзделіп отыр. Ал өткен жылмен салыстырғанда ауыл шаруашылығы саласынан түсетін табысты жыл соңына қарай 1,6 млрд теңгеге арттырып, агросектордағы жал­пы табыс көлемін 11 млрд теңгеге жет­кізу жоспарлануда.

«Жабық жылыжай кешендердің көлемін арттыру мақсатында «Оңтүстік» көлік­­тік логистикалық аймағынан 136 гек­тар жер қарастырылды. Оның 100 гек­тары өнеркәсіптік кешен болады. Қал­ғанын инфрақұрылым қамтиды. Жоба жүзеге асса мыңдаған жаңа жұ­мыс орны ашылып, жұрт жыл он екі ай кө­көніс­пен қам­тылады», дейді ауыл ша­руа­шы­лы­ғы бас­қармасының басшысы Асқар Қаныбеков.

Жаңадан салынатын жылыжайлар көлемін қосымша 30 гектарға ұлғайтып, оның жалпы аумағын 213,8 гектарға жеткізбек. Соның ішінде өнеркәсіптік жылы­жайлар 86,1 гектарға артады. Сон­дай-ақ 1165 гектарға қарқынды бау отыр­ғызылып, оның жалпы көлемі 1404,2 гектарға ұлғая түспек. Осылайша ауыл шаруашылығы басқармасы агро­саладағы жалпы өнім көлемін 104 па­йызға, өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын 104 пайызға жеткізіп, 2019 жылмен салыстырғанда еңбек өнімділігін 103 пайызға арттыруды жоспарлап отыр.

Соңғы жылдары Шымкенттің жалпы жер көлемі 116,3 мың гектарға жетсе, оның жартысынан астамы ауыл шаруа­шылығы мақсатына жарамды жерлер. Ал 2018 жылы осы тың жерлердің 25,7 мың гектары игерілсе, былтыр бұл көр­сет­кіш 26,8 мың гектарға ұлғайған.

Былтыр егілген ауыл шаруашылығы дақылдары ішінен бау-бақша, картоп, мал азығы, майлы және дәнді дақылдардың барлығын қосқанда 78,7 мың тонна өнім жиналды. Өнім көлемінде алдыңғы жылдармен салыстырғанда өсу көрсеткіші байқалады.

Шымкентте халық санының тығыз­дығы агросекторды дамыта түсуге оң ықпал етті. Себебі бос жатқан жерге тұ­қым себу кез келген тұрғынның қолы­нан келетін шаруа. Сондықтан шаһар іргесіндегі суармалы жерлер қайта қал­­пына келтіріле бастады. Он­дағы агро­технологиялық іс-шаралар мер­зімінде жүргізіліп, өндіріске ылғал үнем­деу және тамшылатып суару технология­лары енгізілді. Нәтижесінде, егістік жү­йесі әртараптандырылды. Сонымен бір­ге былтыр 29,4 млрд теңгенің ауыл шаруа­шылығы өнімі өндірілген. Ал бір жұ­мысшыға шаққандағы еңбек өнімділігі 1 972,5 мың теңгені құраған. Бұдан өзге ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 1 111,2 млн теңге инвестиция тартылған. 2019 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша экс­порт­талған ауыл шаруашылығы өнім­­дерінің көлемі 129,6 млн АҚШ дол­ларына жеткен. Бұл өткен жылмен са­лыс­тырғанда 92,5 млн АҚШ долларына жоғары.

Қала әкімінің бастамасымен агросаланы дамыту мақсатында шаһарда 8 ірі ауыл шаруашылығына бағытталған жоба қолға алынбақ. Соның бірі «Taza onim» шаруа қожалығы әуежай маңынан 6 гектарға жылыжай кешенін салмақ. Логистикалық аймақта қолға алынған алғашқы инвестициялық жобаның құны 2,3 млрд теңгені құрайды.

Мемлекет-жекеменшік әріптестік аясында «Taza onim» шаруа қожалығы 9 гектар жерге жылыжай салып жатыр. Оның 3 гектары бітіп, шаруалар 370 тонна өнім алып үлгерді. Көкөніс толықтай жергілікті нарыққа сатылған. Қалған 6 гектары жыл соңына дейін аяқталады. Қожалықта жергілікті 30 адам тұрақты және 20 адам ауыспалы жұмыс орнымен қамтыған. Кешеннің жанынан жұмысшылар үшін арнайы жатақхана да салынып жатыр.

Қожалықта қиярдың сан алуан түрін кездестіруге болады. Қожалық құрылтайшысы Арман Бахытұлы­ның айтуынша, кешенде қиярдың «Тристан», «Танто», «Мева» сұрыптары егіл­ген. Алдағы уақытта Қазақстанның солтүстік, батыс аймақтарына өнімді дер кезінде жөнелтпек. Сонымен қатар аталған бағыттағы жылыжай өнімдерін бір орталыққа біріктіру арқылы өзара кооперация құрып, тауарлы партия қалыптастырып, алыпсатарлардың қатысуынсыз ТМД елдеріне (Ресей) тікелей экспорттауды жоспарлап отыр.

Жуырда шаруалармен кездескен қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы сала басшыларына шаруашылық өндірген өнімді жергілікті базарларға тікелей жеткізіп беру жағын қарастыруды айтқан болатын. Бүгінде жылыжайдан шыққан өнімнің килосы 400 теңгеден басталады. Бұл отандық өнімінің сатылу құнын реттеп, жергілікті халықтың көкөністі делдалсыз сатып алуына мүмкіндік бермек.

 Айта кетерлігі, Шымкентте жылыжай көлемі 183 гектарды құрайды. Оның 53 гектары – өнеркәсіптік мақсатта. Қалада бұдан бөлек тағы 25 гектар өндірістік жылыжай құрылысы жыл соңына дейін іске қосылмақ.

Агросаланы дамыту мақсатында қолға алынған 8 ірі ауыл шаруашылығына бағыт­талған жобалардың сапында «Жұлдыз» шаруа қожалығы сағатына 2,5 мың тонна ауыл шаруашылығы өнім­дерін өңдейтін кәсіпорынды іске қоспақ.

Ал тағы бір компания «Дары Сай­рама» ЖШС өндірісін кеңейту мақ­сатын­да сағатына 3 тонна өнім шығара­тын қалбырлау цехын қолға алады. «Шарипов» шаруа қожалығы болса, Мәр­төбе ауылынан 5 гектарға жылыжай салуды көздеуде.

Бір сөзбен айтқанда, үшінші мегаполис – Шым­кентте жаңа сәулеттік жобалармен қатар азық-түлік белдеуін қалыптастыратын ірі агро кешендер құрылысын жүргізу уақыт талабы болып отыр. Бұған шаһардың климаттық жағдайы мен логистикалық әлеуеті көмектесері анық. Қала әкімінің бас­тамасы оңынан жүзеге асып жатса, жақын болашақта әрбір үшінші қазақ­стандық шымкенттіктердің бау-бақшасында піскен ауылшаруашылық өнімін тұ­тынатын күнге де жетеді.

Соңғы жаңалықтар