ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева өзінің әлеуметтік желісінде Қызылорда облысында коронавирус жұқтырған жүкті әйелдің босанғанын айтты.
«Жүкті әйел 8 сәуірде провизорлық перзентханаға (оқшауланған ғимарат) ай-күні жетіп, ЖРВИ белгілерімен түсті. Дене қызуы 38,1 градусқа дейін көтерілді. Коронавирус инфекциясына тексергенде талдауы оң болып шықты. Толғақ басталды. Аман-есен босанды. Сәби кювезде жатыр, салмағы — 2 970 грамм, бойы — 51 сантиметр. Нәрестенің жағдайы қанағаттанарлық, COVID-19 талдау алынды»,- делінген хабарламады.
Вице-министр Қызылорда облысы перинаталдық орталығының кезекші бригадасының есімдерін атады: акушер-гинеколог Ақбота Қоңқабаева, акушер Әйгерім Еңсепбаева, неонатолог Меруерт Аққайырова және балалар медбикесі Айгүл Тұрғанбаева.
Еске салайық, қазір елімізде коронавирус жұқтырғандардың саны 802-ге жетті. 60 адам жазылды, 9 адам қайтыс болды.