Шардараның 3 елді мекеніне газ тартылды

Шардара ауданы бойынша 3 елді мекен (Қазақстан, Целинный, Ұзын ата) табиғи газ көзіне қосылған – деп хабарлайды Adym.kz ақпарат агенттігі аудан әкімдігіне сілтеме жасап.

Былтыр аймақта 6 нысан құрылысы облыстық бюджет қаржысы есебінен жүргізіліп, пайдалануға тапсырылған. Нақтырақ айтқанда, «Шардара ауданын газбен қамтамасыз ету үшін «Шардара» ГРС-18 және газ құбырынан бұрып алу» (түзету)» нысаныны қараша айында тапсырылған еді. Жобаның құны 2912,6 млн.теңгені құраған болатын. Сондай-ақ, Ақалтын, Егізқұм, Сүткент, Қызылқұм, Достық елді мекеніндегі ішкі газ жүйелерінің құрылысы» нысандары мамыр-шілде айларында пайдалануға берілген.
Жалпы 2019-2024 жылдар аралығында Шардарадағы 16 елді мекенді газдандыру жоспарланып, аудан бойынша 21 елді мекендегі 78 997 халық (99,4%) табиғи газбен қамту жоспарланып отырғанын айта кеткен жөн.
Ал, Шардара қаласын газдандыру жұмыстары болса, 6 кезеңге бөлінген. Бірінші кезеңде «Шардара қаласы үшін «Шардара» № 18 ГТС-тан тартылатын жоғары қысымды газ құбырын және Өтеғұл ықшамауданында орта қысымды газ құбырын салу» нысаны бойынша 2019 жылға бюджеттен 700,0 млн. теңге бөлініп, құрылысы жүргізіліп жатыр.
Екінші кезең бойынша Шардара ауданы Шардара қаласын газбен қамтамасыз ету үшін газ жүйелерінің құрылысы жобасы ЖСҚ әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысы алған. Құрылысқа 767,8 млн.теңге қажеттігі анықталып отыр.
Үшінші кезең бойынша Шардара қаласындағы Мелдеби, Мешіт шағын аудандарын газдандыру жобасы әзірленіп, сараптама қорытындысы алынды. Бұл жұмыстарға болса қазынадан 825,902 млн теңге жұмсалмақ.
Ал, төртінші, бесінші, алтыншы кезеңдерінде «Шардара қаласындағы Төменгі тоғай, Ақбала, Майқала, Наурыз, Нұр Отан, №3 және №4 шағын аудандарындағы кварталішілік газ құбыры желілерінің құрылысы» нысаны бойынша ЖСҚ-ны дайындау мерзімі 2020 жылдың І жартыжылдығына жоспарланып отыр. Сонымен қатар, бүгінгі таңда Қ.Тұрысбеков ауылдық округіндегі Шардара ауылының ішкі газ жүйелерінің құрылысы жобасы ЖСҚ әзірленіп, сараптама қорытындысы дайындалған.