Шымкентте отбасы құндылығын сақтау мәселесі талқыланды

Шымкент қаласы отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасының әлеуметтік тапсырысы бойынша «МӘҢГІЛІК ЕЛ» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «ХХІ ғасырдағы отбасы институты» тақырыбында ғылыми-практикалық конференция өтті.

257

«Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» пилоттық жобасының мақсаты отбасы институтын қалыптастыру, отбасылық құндылықтарды насихаттау бағыттары аясындағы жұмыстарды жүзеге асыру.
Іс-шара барысында арнайы жасақталған мақсатты топ өкілдері ХХІ ғасырдағы отбасы моделін қалыптастыру, отбасындағы бала тәрбиесі, отбасындағы ана мен әкенің рөлін нығайту, қоғамдағы отбасылық-тұрмыстық бағытындағы өзекті мәселелерді талқылап, өз пікірлерін ортаға салды. Өз кезегінде Шымкент қаласы отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Ж.Қалтаев басқарма тарапынан «Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» жобасының аясында қаламызда отбасылық-тұрмыстық салада көптеген ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын, негізігі жобалардың қатарында қиын жағдайға ұшыраған, қолайсыз және әлеуметтік жағдайы аз қамтылған отбасылармен әңгімелесу, жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша талдау жұмыстарын жүргізу мақсатында қаламыздағы төрт ауданда арнайы «Аутрич бөлімі» құрылғанын, бұл бөлім қызметкерлері аудан аумақтарындағы шағынаудандардың белсенді тұрғындарымен, оның ішінде учаскелік полиция қызметкерлері, мұғалімдер, дәрігерлер, үй басқарушылар мен көше басқарушылар, төбе билермен тығыз жұмыс жасап, сол аумақтың әлеуметтік картасын әзірлеп, өзекті мәселелерін анықтауда, бүгінге дейін аутрич бөлімі шағынаудандар бойынша толық зерделеп, келеңсіз жағдайлардың алдын алуда жедел жұмыстар жүргізіп жатқанынан хабардар етті.
Сонымен қатар, қаладағы балалар үйлерін отбасылық үлгіде трансформациялау жоспарлануда. Басты мақсат – әр баланың отбасында өсуін қалыптастыру, аталған бағытта тиісті құжаттар әзірленуде.
Қаламыздағы «Самғау сенім» орталығы бүгінге дейін 150-ге жуық отбасылық зорлық-зомбылықтың жәбірленушілеріне қажеттіліктеріне орай тиісті қызмет түрлерін ұсынған. Сондай-ақ, медико-психологиялық орталық ағымдағы жылы 350-ге жуық азаматтарға қызмет көрсетті.
Шара барысында Шымкент қаласы Абай аудандық сотының судьясы Е.Отарбаев, «Балаларды (ЖИТС)СПИД-тен қорғау» қоғамдық қоры президенті Ж.Жазықбаевалар аталған бағытта атқарылып жатқан жұмыстар легін таныстырды.
Жалпы отбасы институтын нығайту, отбасы құндылықтарын дамыту мақсатындағы жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табады.