Қала әкімі аулаларын су басқан үйлерді тазарту жұмыстарын өз бақылауына алды

74

Бүгін Шымкент қаласындағы Абай ауданына қарасты Қарасу көшесіндегі бірнеше үйдің маңындағы жер асты суы көтеріліп, аулалары мен жертөлелерін су басты. Осы мәселені арнайы өз бақылауына алған қала басшысы Е.Айтаханов оқиға орнын аралап шықты.
Тұрғындармен тілдескен әкім тиісті жұмыстар жүргізілетінін айтып, жауапты сала жетекшілеріне су тасқынының салдарын жоюға бағытталған нақты тапсырмалар берді.
Сонымен қатар Ерлан Қуанышұлы алдағы уақытта осы сынды жағдай орын алмау үшін аталған аймақты зерделеп, бұрын болған тік дренаждық жүйені қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу керегін айтып, салалық басқарма мен аудан әкімдігіне жобалық-сметалық құжаттамаларды дайындауды міндеттеді.
Айта кетейік, Қарасу өзенінің жағалауында орналасқан үйлердің иелері өзен арнасына өздігімен, жаз мезгілінде су деңгейін көтеру мақсатында, рұқсатсыз бөгеттер орналастырған.
Жауын-шашынның салдарынан және жер асты сулары көтеріліп, жоғарыда айтылған мекенжайларды су басқаны анықталған.
Қазіргі уақытта су сору жұмыстарына 30 шақты қызметкер мен 6 бірлік техника және 2 мотопомпа жұмылдырылды.