ҚР Президенті Қ.Тоқаев шымкенттік мәдениет қызметкерін марапаттады

«16 Желтоқсан — Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні» мерекесіне орай Елордада өткен жиында, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан Шымкент қалалық орыс драма театрының директоры Вербицкий Игорь Владимирович «ПАРАСАТ» орденімен марапатталды.
Вербицкий Игорь Владимирович театрға сіңірген ерен еңбегі зор. Жылдар бойы орыс драма театрының көркемдік жетекшісі болып, талай туындыларды көрерменнің назарына ұсынған.Қазіргі таңда театр директоры.
Сондай-ақ, Шымкент қаласының Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы «Мәдениет тарихи, мәдени мұраны сақтау бөлімінің» басшысы Айғазиева Раушан Шаденқызына «ЕРЕН ЕҢБЕГІ» төсбелгісін Шымкент қаласы әкімі Ерлан Қуанышұлы Айтаханов табыстады.
Естеріңізге салар болсақ, Вербицкий Игорь Владимирович басшылық еткен өнер ордасы 1929 жылы ашылған. Театрдың репертуарында бүгінгі таңда орыс, шетел, классика және заманауи бағыттағы 70-тен астам қойылым бар.
Жуырда ғана 90 жылдық торқалы тойын мерекелеген өнер ұжымына қала әкімі Ерлан Айтаханов арнайы құттықтап, ақжарма тілегін жолдаған болатын.
«Театр өнерінде орыс драма театрының орны бөлек. Келесі жылы Шымкент ТМД елдерінің мәдени астанасы атанбақ. Сіздерді алдағы маңызды іс-шараларда белсенділік танытып, қарқынды атсалысуға шақырамын. Халық мәдениетін көтеруде сүбелі еңбектеріңіз орасан. Келер жылы жауапты жыл. Сол себептен бұдан да артық жұмыс істеуіміз керек», — деді Ерлан Қуанышұлы.