«Шымкент — шаттық шырағы» жыр мүшәйрасының жеңімпаздары анықталды

82

«Шырайлы Шымкент: Береке басы бірлік» қоғамдық форумы аясында «Шымкент — қайырымды қала» іс-шарасы өтті. Тәуелсіздік мерекесіне орайластырылған тағылымда жиында ұлық мерекенің қадірі насихатталып, қайырымды қала тұрғындарының мәртебесі жайында оралымды ойлар айтылды.
Саясаттанушы Сәкен Мәжінбеков, жазушы-журналист Күлия Айдарбекова, «Жанубий Қозоғистон» газетінің бас редакторы Әлішер Сатыбалдиев Тәуелсіздіктің қадірі жайында мазмұнды баяндама жасады. Мегаполис қаланың тұрғындары қандай болуы керек екені жөнінде ой қозғады.
Сондай-ақ, басқосуда Шымкент қаласы ішкі саясат және дін істері басқармасының тапсырысы бойынша «Серпіліс» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткен жыр байқауының жеңімпаздары анықталды. Байқауға 40 шақты өтінім түсіп, оның он екісі іріктеуден өткен еді.
Әділқазылардың шешімімен бірінші орынды Арқалық Әмәлият жеңіп алса, Дәурен Айманбет — екінші, Арайлым Мұраталиева үшінші орынға ие болды. Іс-шара аясында жыр мүшәйрасына арналып шығарылған кітаптың тұсауы кесілді.
Шымкент қаласы ішкі саясат және дін істері басқармасының басшысы Жанар Бектаева қаланың дамуына үлес қосқан бірқатар азаматтарды Алғыс хатпен марапаттады.