Túrkistan: Тәуелсіздік күні мерекесіне арналған салтанатты іс-шара өтті

Түркістан облыстық Қоғамдық даму басқармасының ұйымдастыруымен 16 желтоқсан - Тәуелсіздік күні мерекесіне арналған мерекелік іс-шара өтті. Басқосуға БАҚ өкілдері, үкіметтік емес ұйым мүшелері, қоғам белсенділері, «Желтоқсан оқиғасына» қатысқан қаһармандар мен белсенді ерікті жандар қатысты.

Бұқаралық ақпарат құралдары саласын дамытуға елеулі үлес қосқаны үшін «Айғақ» телеарнасының директоры Дулатбек Әбіш, «Южный Казахстан» газетінің бас редакторы Марина Лимаренко, «Оңтүстік Қазақстан» газетінің тілшісі Қайрат Зайнишев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс хатымен марапатталып, оны Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов табыстады.
«Тәуелсіздік – ең алдымен қазақ халқының бостандыққа ұмтылған асқақ арманы мен қайсар рухының жемісі. Биыл тәуелсіз ел атанғанымызға 28 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде еліміз толағай табыстарға жетіп, бірнеше белестерді бағындырып үлгерді. Тұңғыш Президентіміз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сандарлы саясатының арқасында еліміз көркейіп, қарыштап даму жолына түсті. Түркістан қаласының облыс орталығы болғаны соның бір дәлелі деп білемін» -, деп С.Қалқаманов жүрекжарды лебізін білдірді.
Мерекелік дастарханға жиылған қонақтар Túrkistan облысы әкімі Өмірзақ Шөкеевтің Грамотасымен және Алғыс хатымен, «Nur Otan» партиясының Түркістан облысы филиалының төрағасы Бейсен Тәжібаевтің, Түркістан облыстық мәслихат хатшысы Қайрат Балабиевтің арнайы Алғыс хаттарымен марапатталды.
Сонымен қатар, барлық қонақтарға ерекше құрмет көрсетіліп, Тәуелсіздік Күні мерекесіне арналған тілектер айтылды. Бүгінгі күннің тыныштығы мен тәуелсіздіктің бал дәмі «Желтоқсан оқиғасына» қатысқан күрескерлердің арқасында екені аталып өтті.
Меркелік шара соңы концерттік бағдарламаға ұласып, барлық қонақтарға сый-сияпат жасалды. Тәуелсіздік күнінен арналған жиынға келушілер мерекелік көңіл-күйде тарқасты.