Тәуелсіз сананың мемлекетшілдікпен үндесуі

Еліміз Тәуелсіздік жарияланған күннен бастап дүниежүзілік қоғамдастық құрамына ене отырып, адам құндылықтарын сақтау, дамыту жөнінде өзіне міндеттемелер алған болатын. Соның ең алғашқысы Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаев Жарлық жариялап, 1991 жылы Семей ядролық полигоны жабылды. Қазақстан бүкіл адамзат алдындағы азаматтық борышын өтеді, алғашқы өткір шешімдер осылайша қабылданды.

329

Бұл Тәуелсіздік тарихындағы алғашқы дәуірлік тарихи шешімнің бастамасы ғана еді. Әлем жұрты таң қалды, таңдайын қақты, тәуелсіз жас қазақстанды тану процесі, Қазақстанды тану дәуірі басталды. Дәл осы нақты шешім саналы адамға жер бетіндегі ядролық сынақ полигондарын жабуға болады деген ой тастады, қазақстан туралы жағымды қоғамдық пікір қалыптастырудың алғашқы баспалдағы осылайша салынды. Франция Президенті Франсуа Миттеран «Кеңес Одағына кіргендердің барлығының арасында ең тұрақты және көп үміт күттіретін мемлекеттердің бірі» деп Қазақстан теледидарына сұхбат берді деп 1993 жылдың 14 қыркүйегінде Елисей сарайының баспасөз қызметі ақпарат таратты. Сол жылы төл теңгемізді алақанымызға салып қуандық.
Алғашқы Ата Заңымыз қабылданды, уақыт талабына сай оған өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп келеді. Ел болып, көп ұлтты халық болып заңның үстемдігін мойындаудамыз. Шекарамыз бекітілді.
Елбасының жыл сайынғы халыққа арнаған Жолдаулары белгілі институт болып қалыптастасты. Жолдау арқылы жыл сайынғы елдің саяси, экономикалық дамуы нақтыланып, мемлекеттің стратегиялық бағытын жүзеге асырудың тетіктерін қамтылды. 1997-ден бастау алып бүгінгі күнге дейінгі құжаттардың қай-қайсысын алсаңыз да бәрі шетінен маңызды, тек қана өркендеуге ұмтылады. Мүдіріс болған емес, оған ел куә, уақытпен қатарласып жүріп отырды. Шынында барлық межелер орындалып жатыр. Осы құжаттарды талдап қарай отырып, Елбасымыз нағыз табысты реформатор деп айтқым келеді. Ел бірлігін сақтады. Халықтар Ассамблеясы құрылды. 1997 жылы қабылданған «Қазақстан-2030» стратегиясы өз міндет-мақсаттарын толығымен орындап, «Қазақстан-2050» стратегиясы Мәңгілік ел идеясы дүниеге келді. Ұлттың өзін-өзін тануына, бойдағы туа біткен ұлттық сананы мемлекеттік санамен ұштастырудың уақыты келіп жетті. Әр қазақтың намысын оятатын «Рухани жаңғыру» тарихқа, дәстүрге құрмет, болашаққа бағыт дүниеге келді. Көкірек көзіміз ашылып, ұлттық рух көтерілді. Алладан басқа ешкімге тәуелді еместігімізді ұқтық. Елбасының «100 нақты қадамына» келсек, бұл дамыған елдердің 30-дығына кіруге арналған бүкіл қауіп-қатерді ескерген қоғам мен мемлекетті жақындататын жоспар болды. Осы қыруар еңбектің бәрі Тәуелсіздікті нығайту үшін жарып шыққан ел қажетін өтейтін, халық қамын көксейтін нәтижелі туындылар. Астанада діндер көшбасшыларының съезінде Н.Назарбаев «ланкестікті ислам дініне телудің ешқандай негізі жоқ» деп дәлелді ойын кесіп айтуы да тәуелсіздікке арқа сүйену еді. Бұл сол кездегі батыл әрі орынды ой болатын. Сонымен қатар, тәуелсіздік кезінде жеткен жетістігіміз бейбітшілік пен келісім адамзаттың таңдауы болып күн тәртібінде келе жатыр. Осылайша, еліміз экономикалық прагматизмге қол жеткізіп, Назарбаев басқару жолдары әлемді мойындатты, еліміз ЕҚЫҰ-на төрағалық ету мүмкіндігіне ие болды, Тәуелсіз Қазақстанның мәртебесі биіктеді.
Дипломат Нұрлан Онжановтың жазбаларында Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың Әзербажан мен Армениямен қантөгіс кезінде Таулы Қарабаққа барып тараптарды бітімге келтіруі, кесім сөз айтуы тәуелсіздіктің бағасын одан сайын еселей түсті. 2010 жылы қазақстандық ұшқыштардың Қырғызстан Президенті Бакиевті Джалалабадтан алып шығуын сарапшылар бітімгерліктің эталоны ретінде бағалады. «Еңбек қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламасы Адам капиталына арқа сүйеуге арқау болып, қоғамдағы Еңбек адамының орны белгіленді.
«Хаққа қызмет ету халыққа қызмет етуден басталады»- деп айтылған 149 хикмет-өлеңдерден құралған Қожа Ахмет Ясауидың «Диуани Хикметі» рухани құндылық болып ғасырлардан-ғасырға өшпес мұра болып жетіп отыр. Сондықтан, барша жұртшылыққа адал қызмет ету жолындағы Түркістанның облыс орталығы болуы бірден-бір ұтқыр шешім, рухани жаңғырудың тамырына нәр берді. Бүкіл халықтың көңілінен шыққан осы шешімі үшін Елбасыға Қожа Ахмет Ясауи ілімдерінде дәріптелетін «Кемел Адам» мәртебесін әбден-ақ беруге болады.
Әсіресе, Елбасының дара жолы, еңбек жолдары, әсіресе домна пештерінде болат қорытып шыңдалған кездері, бүкіл өмір жолы, бар болмысы жастарға үлгі. Жас ұрпақтың бойында Тұңғыш Президентке еліктеушілік, қызығушылық сезімдері қалыптасып, бұл қасиеттер елге деген сүйіспеншілікке жалғасып, патриотизмнің нығаюуына бірден-бір ықпал етті. Ұрпақтар сабақтастығы ұғымы өз функциясын орындайтын сәт келді, Тәуелсіздік ұғымы Тұңғыш Президент есімімен үндесіп сабақтастық, әділдік, өрлеу ұғымдарымен біте қайнасты. Биылғы Президент сайлауы нәтижесі соның айғағы. Елі Тұңғыш Президентіне, Елбасы сенім артқан Тұлғаға сенді.Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы қазақстан халқына Жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру бәрімізге ортақ міндет деп азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін осы арнаға қолдану керектігін нақтылады, халықпен кері байланыс орнатудың тиімді жолдарын айқындады. Осылайша Сабақтастық жолы өз жемісін нақты түрде бере бастады. Бұл да тәуелсіз елдің сыртқы күштерге тәуелсіз стратегиясының өміршеңдігінің белгісі.
Елбасы, Тұңғыш Президентіміз «Nur Otan» партиясының Төрағасының бастауымен «Nur Otan» партиясын жаңғыртудың қадамдық жұмыстары өңірлерде басталып кетті.
«Nur Otan» партиясының 25 қарашадағы өңірлік партия филиалдарының өкілдерімен кездесуінде Партия Төрағасы «Бізде Қазақстанның дамуына қатысты нақты ұстаным бар, тиісті стратегия мен жұмыс жоспарлары бекітілді, қажетті ресурстар қарастырылған», -деп түйін сөз айтты.
Партия Төрағасы қоғамды Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төңірегінде топтастырудың және Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді жүзеге асыру үшін шаралар қабылдаудың маңыздылығына тоқталды. Дәл осы тұста кездесуге қатысқан әр партия мүшесі Тәуелсіздігімізді ары қарай нығайту әр азаматқа, әсіресе әр партия мүшесіне аманат екендігін мойнына жүктеп қайтты. Олай болса, әрбір жас ұрпақтың Тұңғыш Президентімізге қызығуы, биіктікке ұмтылуы заңдылық, бұл егіз ұғым Отан мен тәуелсіздікке деген құрмет қана емес елжандылықпен, мемлекетшілдікпен үндесу. Тәуелсіздікті тұғырда мәңгілік ұстап қалуға біртұтастық қажет десек, тәуелсіздіктің өзегі- тәуелсіз санамызды мемлекетшілдікпен ұштастыру Мәңгілік ел болудың түпкі қазығы.

Қалыйма Жантөреева,
«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық
филиалы төрағасының орынбасары,
облыстық филиал Саяси кеңесі Бюро мүшесі