Shymkent-2020: Сәулеттік кеңестің алғашқы отырысы өтті

Бүгін Шымкентте қалалық Сәулеттік кеңесінің бірінші отырысы өтті. Аталмыш отырысқа қала әкімі Ерлан Айтаханов қатысты.
Жиында «Shymkent City» жобасының аумағындағы тұрғын үй кешендерінің, Арғынбеков көшесіндегі көп қабатты тұрғын үй кешенінің, Нұрсәт мөлтек ауданындағы «Nur-Sultan Plaza» көп қабатты тұрғын үй кешенінің, олардың қасбеттерінің сондай-ақ, көп қабатты автотұрақтардың эскиздік жобалары талқыланды.
«Бүгінде Шымкент қаласы жаңа леппен, жаңа қарқынмен дамуда. Қаланың сәулеті, әсемдігі мен көркі архитекторларға тікелей байланысты. Кез келген құрылыс нысанын салғанда кеңес мүшелері бір кісідей атсалысу қажет. Себебі, біз тарихи кезеңді бастан өткерудеміз. Мегаполис деген атқа лайықты қызмет ету баршамыздың парызымыз. Сәулеттік-көркемдік шешімдерді нақтылау барысында қателіктер жібермеуіміз керек. Қаланың қасбетін көркейтуде кәсіби көзқарастарыңызды айтып отырғандарыңыз абзал» деді жиында сөз алған Ерлан Қуанышұлы.
Сондай-ақ, кеңес отырсында әлемдік нарықта өзіндік  орындары бар «High Vill» және «Feb Group» құрылыс компаниялары өздерінің жобаларын таныстырды.
Айта кетейік, қалалық Сәулеттік кеңес 23 адамнан құралған. Онда Қазақстанға еңбегі сіңген сәулетшілер, суретшілер, мүсіншілер, тиісті басқарма басшылары мен құзырлы мекемелердің жауапты мамандары енгізілген.