«Әлеуметтік қызметтер» порталын енгізу барысы түсіндірілді

Түркістанда мүгедектігі бар адамдардың, азаматтық белсенділердің, үкіметтік емес ұйымдар мен мүгедектер қоғамдық бірлестік өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Онда мүмкіндігі шектеулі жандарға ұсынылатын оңалту құралдары мен қызметтеріне «Әлеуметтік қызметтер» порталын енгізу барысы түсіндірілді.

Жиында Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Мадина Есимова жаңа жүйе жайында кең көлемді айтып өтті.
Мемлекет басшысы өз жолдауында ерекше қажеттілігі бар азаматтар үшін тең мүмкіндіктер жасаудың маңыздылығын атап өтті. Қазір бұл бағытта үлкен жұмыстар атқарылуда.
Ендігі жерде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік қызметтер порталын енгізуде. Портал оңалту құралдары мен қызметтерді мемлекеттік сатып алу мерзімдерін қысқартуға және олардың сапасын арттыруға бағытталған.
Портал мүгедектігі бар адамдардың жеткізушілермен тікелей өзара іс-қимылымен әлеуметтік қызметтердің бірыңғай цифрлық алаңына айналады. Өз кезегінде, нарықта жеткізушілер арасында тең мүмкіндіктер пайда болып, бәсекелестікті арттырады.
Порталды енгізу нәтижесінде тауарларға үлкен таңдау, оңалту құралдары мен қызметтер нарығына теңдей қолжетімдік қамтамасыз етілетін болады. Мемлекеттік қызметтердің сапасы өседі және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін тудырмайтын болады.
Айта кетейік, биылғы жылы облыста мүгедектігі бар азаматтарды әлеуметтік қолдау көрсету үшін барлық деңгейдлегі бюджеттер есебінен 7,4 млрд теңге бөлінген. Осы қаржылар есебінен техникалық оңалту құралдары мен әлеуметтік, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетілуде. Жылдың соңына дейін өтініш берген азаматтардың 70 пайызы қамтылады.