Түркістанда нан бағасы көтерілмейді

2019 жылы Түркістан облысында 1-сұрыпты ұннан жасалған әлеуметтік нан бағасының көтерілуіне жол берілмейді. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев мәлімдеді және әлеуметтік нан бағасының өсуіне қарсы жүйелі шаралар қабылданғанын атап өтті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау мақсатында қаладағы сауда орындары мен наубайхана өкілдерінің қатысуымен «Түркістан» ӘКК АҚ тұрақтандыру қорының шұғыл жиналысы өткізіліп, бағаның көтерілуіне жол бермеу шаралары талқыланды.
«Осы мәселені шешу үшін Қостанай облысынан Түркістан қаласына бидайды арзан бағамен жеткізу туралы келіссөздер жүргізілді. Осыдан кейін «Ақжол» ЖШС наубайханасымен келісімге қол жеткіздік. Наубайханада күн сайын 1-сұрыпты ұннан 25 000 дана пісірілген нан өндіріліп, Түркістан қаласындағы сұраныстың 80% жабылады. Наубайхана әлеуметтік нан өндіру үшін арзандатылған бағада 1-сұрыпты бидай ұнымен қамтамасыз етеді. Жүйелі жұмыс жүргізілуде: өндірушілерді арзан бағадағы шикізатпен қамтамасыз ету, сәйкесінше бізге дайын өнімнің төмен бағасын ұстап тұруға мүмкіндік береді », — деді әкімнің орынбасары.
Оның айтуынша, бұл наубайхана айына 1-сұрыпты ұннан 375 тонна нан шығарады, ол қаладағы 20 сауда нүктесінде сатылады, бұл азық-түлік сататын сауда орындарының жалпы санының 66%-н құрайды.
«Күніне 2 000 дана әлеуметтік нан барлық дүкендерге бөлініп жеткізіледі және 75 теңгеден сатылады. Бұл бүкіл республика бойынша бәсекеге қабілетті бағалардың бірі, сондықтан біз оны ұстап тұруымыз керек», — деді Мейіржан Мырзалиев.
Сонымен қатар, қазіргі уақытта әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру мақсатында Түркістан облысының азық-түлік дүкендеріне, сондай-ақ әлеуметтік нан өнімдерін шығаратын қайта өңдеу кәсіпорындарына (диірмендер, наубайханалар және т.б.) несие беру мәселесі қарастырылуда.
Естеріңізге сала кетейік, «Түркістан» ӘКК АҚ тұрақтандыру қоры әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын реттеу және облыстың базарлары мен сауда нүктелеріндегі бағалардың тұрақтануын қамтамасыз етеді.