Леңгірді көркейтуге күш салынуда

Дәл қазір Леңгер қаласына жолыңыз түссе, көшелері неге астаң-кестеңі шығып жатыр?,— деп ренжи көрмеңіз. Бізде біраз уақыттан бері жан-жақты абаттандыру, көркейту жұмыстары жүруде. Соның бір нәтижесіндей, аудандық мәдениет үйінің ауласы жаңа кейіпке еніп, көпқабатты тұрғын үйлердің жанынан ойын, спорттық алаңшалар орын теуіп, балақайлар ойын қызығына енсе, ересектер саламатты өмір салтын ұстануға кірісіп кетті. Әсіресе, денсаулықтың қадірін жақсы түсінетін апаларымыз бен аталарымызды заманауи street workout маңынан жиі кездестіретін болдық. Олар ала таңмен таласып, спорттық алаңшаларда жиналып, түрлі жаттығулар жасауды әдетке айналдырды.
Кеше Түркістан облысының БАҚ өкілдері Леңгер қаласын аралап, көше бойында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Қаладағы Төлеби және Бірлік көшелерін абаттандыруға республикалық бюджеттен 311,0 млн. теңге қаржы бөлініп, бүгінде тротуар жүргізу, лоток салу, т.б жұмыстар қызу атқарылуда. Құрылысты аралап жүрген жұмысшы топқа құлағы нашар еститін балаларға арналған мектеп-интернаттың мұғалімдері жақын келіп, аталмыш мектептің ауласындағы биіктеу тұсты баспалдақ іспетті жасап беруіне өтініш жасады. Ұстаздардың сөзіне құлақ түрген аудандық тұрғын үй және жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Нұрлан Оспанов өтініштерін назарға алатынын айтты.
Қаланы абаттандыруға байланысты қойылған тілші сұрақтарына аудан әкімі Бауыржан Омарбеков жан-жақты жауап берді.